Түркістан қаласындағы жасыл белдеу аумағындағы қосымша 4 мың га жуық жерге жапырақты және сексеуіл көшеттері мен тұқымы егілді. Облыстың орман тұқымбағының көлемі екі есе ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық ақпараттық науқан аясында Түркістанда арт-инсталляция ашылды. Құмды шөлдің қорғаны, «шөл даланың падишасы» атанған сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегіндегі мәселелелер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысқан басқосуда көтерілді.
Шөлейтті дала құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, дауылдардан қорғайтын сексеуілдің басым бөлігі Отырар, Созақ, Шардара аудандарында өседі. Сексеуіл алқаптарын ұлғайту мақсатында әр жылы 11 400 га, оның ішінде 900 га сексеуілді көшеттерімен егу және 10500 га тұқымынан себу арқылы мәдени екпе алқаптарын құру жұмыстары жоспарланып, мерзімінде атқарылуда.
Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды.
ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын.
Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр. «Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда 4 жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Қазіргі таңда оның 7 700 гектары аяқталған. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын айтып өткім келеді. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады»,-дейді облыс әкімінің орынбасары.
Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн көшет отырғызу бойынша кешенді жоспар бекітіліп, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн аса әртүрлі ағаш көшеттері өсіріліп жатыр.
Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған. Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмысы мен қатар рейд ұйымдастырып, тұрақты жұмыс атқарылып жатыр.