Сайрам ауданында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиынға Сайрам ауданының әкімі Мадияр Мұхтарұлы, аудандық мәслихат төрағасы Шамхат Халмурадов және Сайрам ауданы мәслихатының депутаты Қуаныш Адырбекұлы қатысып, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласын дамытуға және медицина мамандарының мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
– Бүгін Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, ауданымыздың денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтің қолдауымен өңірде халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Медицина қызметкері болу – үлкен жауапкершілік пен жанкешті еңбекті талап ететін абыройлы мамандық. Тәуліктің қай мезгілі болмасын адам өмірі мен денсаулығын сақтауға қызмет ететін сала мамандарының еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар медицина қызметкерлері мен сала ардагерлері марапатталып, оларға шынайы алғыс білдірілді.
Барша медицина қызметкерлеріне халық денсаулығы жолындағы адал еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және кәсіби табыс тілеймін.
Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген адалдықты талап ететін ең абыройлы кәсіптердің бірі. Сіздер күн сайын халық денсаулығын сақтауға өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Әрбір құтқарылған өмір, әрбір сауығып кеткен науқас – сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен жанашырлықтарыңыздың нәтижесі. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы.
Іс-шара барысында денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан бірқатар дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері мен сала ардагерлері Алғыс хаттармен және арнайы марапаттармен наградталды.
Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан сала ардагерлеріне де құрмет көрсетіліп, олардың қоғам алдындағы еңбегі ерекше аталып өтті.
Мерекелік жиын жылы лебіздер мен ізгі тілектерге ұласып, медицина қызметкерлеріне мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Медицина қызметкерлерінің мерекесі күні Бәйдібек ауданында да түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан орталығындағы “Жастар сарайында” салтанатты шара болып өтті. Оған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрпейіс Ақбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде медицина саласына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп келетіндігін айтып, Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауларында саланың маңыздылығына ерекше тоқталатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар аудандағы 40-қа жуық емдеу мекемелерінде 900-ден астам медицина қызметкерінің еңбек етіп жүргендігін айтып, мәртебелі әрі жауапты мамандық иелеріне халықтың алғысын ала берулеріне тілектестігін жеткізді.
Шара барысында еңбегі сіңген бірқатар медицина саласының қызметкері аудан әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтарына, сондай-ақ облыстық мәслихат төрағасының құрмет грамоталарына, түрлі қоғамдық ұйымдардың медальдарына ие болды.
Салтанатты шарада аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, ақ халатты абзал жандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фото: Zakon.kz



