Тарқатып айтқанда, 4 айда 21 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 92,6 млн теңге төленді. 32 нейрохирургиялық операция орындалып, жалпы құны 198,9 млн теңгені құрады. 5 бүйрек трансплантациясына 1,5 млн теңге жұмсалды. 1 бауыр трансплантациясы жүргізіліп, оған 8,9 млн теңге төленді. Аталған медициналық қызметтердің барлығы МӘМС жүйесі аясында қаржыландырылады. Нәтижесінде сақтандырылған азаматтар үшін қымбат әрі күрделі операциялар тегін әрі қолжетімді болып отыр.
Жоғары технологиялық медициналық көмек күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында көрсетіледі. Бұл пациенттерге заманауи емдеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беріп, ауыр диагноздар кезінде өмір сапасын жақсартуға және ұзартуға жағдай жасайды. Еске сала кетсек, 2025 жылы МӘМС жүйесі аясында Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 1,3 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуы – өңірлік денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың өмірін сақтап қалуға және сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
Осының алдында ғана Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында бауыр трансплантациясы бойынша күрделі жоғары технологиялық ота сәтті өткені белгілі. Бұл – өңірде жүзеге асырылған төртінші бауыр трансплантациясы.
Ота А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймахановтың жетекшілік еткен білікті мамандар тобының қатысуымен өткізілді.
Науқас 39 жастағы азамат. Оған созылмалы В вирусты гепатиті мен дельта агент аясында дамыған бауыр циррозы диагнозы қойылған. Сонымен қатар, порталдық гипертензия, өңеш көктамырларының варикоздық кеңеюі, гиперспленизм синдромы, асцит және бауыр энцефалопатиясы секілді ауыр асқынулар анықталған. Ол 2015 жылдан бері диспансерлік есепте тұрған.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы уақытта сырқаттың асқынуына байланысты бауыр трансплантациясы пациенттің өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді тәсілі болған.
Донор ретінде науқастың 36 жастағы туған сіңілісі өз еркімен келісім берген. Ол толық медициналық тексеруден өтіп, донорлыққа қарсы көрсетілімдер анықталмаған.
Күрделі операцияны А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мен Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы мамандарынан құралған бірлескен команда жүзеге асырды. Отаға хирург-трансплантологтар Н.Мәуленов, М.Досханов, А.Хаджиева, Е.Тауасаров, Н.Садуақас және Б.Өтебеков қатысты. Анестезиологиялық сүйемелдеуді Е.Муталиев пен А.Пралиев жүргізді.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің динамикалық бақылауында, операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтуде. Трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп қалпына келуде.
Мамандардың пікірінше, бұл күрделі операция өңірдегі трансплантология саласының дамуына тың серпін беріп, тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі.
Тағы бір жағдай, Түркістан облыстық балалар ауруханасына түнгі уақытта жедел жәрдем қызметі арқылы 9 айлық сәби шұғыл түрде жеткізілді. Анықталғандай, сәби абайсызда ине жұтып қойған. Дәрігерлер дереу рентгенологиялық тексеру жүргізіп, бөгде заттың нақты орналасқан орнын анықтады.
Түркістан облыстық балалар ауруханасының хирургы Мұхағали Темірбеков пен эндоскопист Бабыр Ырысқұлов бірлесе отырып, өңеште тұрып қалған бөгде затты сәтті түрде алып шықты. Осылайша мамандар уақыт жоғалтпай, эндоскопиялық әдісті сәтті қолданды. Медициналық көмектің жедел әрі кәсіби көрсетілуінің арқасында ықтимал асқынулардың алдын алу мүмкін болды.
Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Сәби дәрігерлердің бақылауында болып, кейін үйіне аман-есен шығарылды. Дегенмен, мамандар ата-аналарға балалардың қолы жететін жерде ұсақ әрі өткір заттарды қалдырмауды ескертеді. Осындай жағдай орын алса, уақыт жоғалтпай, дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды.
Фото: Informburo.kz



