Ал 2025 жылдың қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 млрд 998,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 4 есе жоғары орындалды. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде 1 орында. 2026 жылға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жоспары 499 млн АҚШ долларын құрап отыр.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға инвесторларды тарту және сүйемелдеу жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Әрбір жобаны тұрақты бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаевтың айтуынша облыс көлемінде жүзеге асыру жоспарланған инвестициялық жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында инвестициялық жобалар пулы қайта қаралып, өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 2,8 трлн теңгеге 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Бұл жобалар арқылы 17 820 жұмыс орнын құру көзделуде. Оның ішінде, шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны 608,9 млрд теңгеге 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалар толық іске қосылғанда 7 799 жұмыс орны құрылмақ.
Биыл 369,4 млрд теңгеге 67 инвестициялық жоба іріктелген. 5 айдың қорытындысымен жалпы құны 42,4 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 407 жұмыс орны ашылды.
Одан бөлек, бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында, Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін, аффинаж зауыттарының құрылысы мен уран өңдеу кешенінің ІІ кезеңі іске асырылуда. Ал «Южная» өнеркәсіптік алаңы жобасы іске қосылды. Түркістанда тоқыма фабрикасының, бояу-әрлеу фабрикасының, үйге арналған текстиль бұйымдары фабрикасының құрылысы қарқын алды. Отырар ауданында 2 мақта өңдеу зауыты салынуда. Одан бөлек, 16 роторлы (айналмалы) иіру желісімен жабдықталған тоқыма зауыты, Мақтаарал ауданында мақта және өсімдік майын өңдеу зауыты, Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өңдейтін зауыт бой көтеруде. Сайрам ауданында ет комбинаты мен 10 000 басқа арналған бордақылау алаңының, арнайы техника құрастару зауытының, сүт өнімдерін өндіретін зауыттың және Аустралия әдісімен мал базарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сауранда сүт өнімдерін өндіретін зауыт, ет комбинаты, құрама жем шығару, тері өңдеу цехтары және бордақылау алаңы, Арыста 50 мың басқа арналған ІҚМ бордақылау кешені, Бәйдібек ауданында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен құрамажем өндіру зауыты салынып жатыр.
Жиын барысында өңірде жаңадан іске асырылатын инвестициялық жобалар зерделеніп, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Бүгінде Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орында тұр. Сонымен қатар сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, өңір еліміз бойынша үздік үштікке енді.
Облыста кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеу, қаржылай қолдау және өндірістік алаңдар арқылы жаңа өндірістер ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі арқылы жалпы құны 58,5 млрд теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Аталған жобалар толық іске асқанда 3082 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жыл басынан бері осы жобалардың 78-і іске қосылып, экономикаға 9,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған жобалардың қатарында сабын және пластик ыдыс өндірісі, балық өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін шығару, жиһаз өндірісі, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және медицина саласындағы жобалар бар.
Кәсіпкерлерді қолдаудың маңызды тетігі саналатын қаржыландыру бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге 85 млрд теңге көлемінде несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» бағдарламасы аясында 64 жобаға 18,6 млрд теңге қаржы берілді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 6 жобаға 448,5 млн теңге көлемінде несие рәсімделді.
Фото: Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі



