Дертіне шипа таппай жүрген мыңдаған адам денсаулығын нығайтып, жағдайын жақсарта алады. Сондықтан оңалту орталығы бағытындағы жобаларды іске асыру жергілікті және орталық органдар өкілдерінің ерекше бақылауында болуы тиіс.
Міне, осы орайда Арыс аудандық орталық ауруханасында тұрғындардың сұранысы негізінде ашылған 10 төсектік оңалту бөлімшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жарақат алған, күрделі отадан өткен және денсаулығын қалпына келтіру емін қажет ететін азаматтарға арналған оңалту орталығын ашу жөнінде көптеген ұсыныстар айтылып келген болатын. Халықтың бұл өтініші ескеріліп, аудандық Орталық аурухана базасында заманауи талаптарға сай оңалту бөлімшесі пайдалануға берілді.
Жаңа бөлімше орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған пациенттерге, сондай-ақ жоспарлы операциялардан кейін қалпына келтіру емін қажет ететін азаматтарға қызмет көрсетеді. Мұнда аурудың немесе жарақаттың жіті кезеңі аяқталғаннан кейін оңалту әлеуеті бар науқастар ем қабылдай алады.
Бөлімшеде реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массаж мамандары және физиотерапия кабинеттерінің мейірбикелері қызмет атқарады. Олар пациенттердің сауығу процесін жеделдетуге бағытталған кешенді оңалту шараларын жүргізеді.
Оңалтудың негізгі әдістерінің бірі ретінде емдік дене шынықтыру кеңінен қолданылады. Арнайы жабдықталған ЛФК залдарында жаттығулар жеке және шағын топтармен өткізіледі. Әр пациенттің денсаулық жағдайына қарай жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар бөлімше заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Сондай-ақ осы күні Арыс аудандық орталық ауруханасында көптен күткен компьютерлік томография (КТ) аппараты ресми түрде іске қосылды. Жаңа жоғары технологиялы құрылғы тұрғындарға сапалы әрі дәл диагностикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Аталған медициналық жабдықтың орнатылуы алдыңғы жылдары облыс және қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесулерінде бірнеше рет көтерілген болатын. Арыстықтардың өтініші ескеріліп, жоба облыстық бюджеттен қаржылай қолдау тауып, нәтижесінде халықтың көптен бергі тілегі орындалды.
Аталған нысанның жұмысымен танысуға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы барды. Медициналық мекеменің жаңа мүмкіндіктерін көріп, сала мамандарымен пікір алмасты.
Компьютерлік томография аппараты өкпе, бауыр, ұйқы безі сияқты ағзалардың қатерлі ісіктерін, іш қуысы мүшелерінің патологияларын, көкбауыр, бүйрек және бауыр жарақаттарын анықтауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ қан тамырлары мен қан айналым жүйесінің жағдайын бағалауға, мидағы қан кету немесе тамыр кеңеюін анықтауға, сүйек тіндерінің зақымдануын дәл диагностикалауға мүмкіндік береді.
Құрылғыда қажет болған жағдайда контрастты зерттеу жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әдіс ісік ауруларына күдік туындағанда немесе патологиялық өзгерістерді нақтылау қажет болған жағдайларда кеңінен қолданылады. Контрастты КТ қабыну процестерін, кисталарды, қан ұйығыштарын және ісіктерді ерте кезеңде анықтауға жол ашады.
Жаңа аппарат 160 тілімді кескін алу мүмкіндігіне ие. Бұл көрсеткіш зерттеу нәтижелерінің жоғары дәлдігі мен сапасын қамтамасыз етіп, алынған деректерді толық визуализациялауға және ұзақ мерзімге мұрағаттауға жағдай жасайды.
Компьютерлік томография қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін және ақылы негізде көрсетіледі. Ал инсульт, жарақат және өзге де шұғыл жағдайларда зерттеу тәулік бойы жүргізіліп, азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан жедел көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Фото: Арыс Қаласы Әкімдігі



