Түркістан облысындағы жылыжайлардан қызанақ пен бұрыштың қауіпті вирусы анықталды. Бұл жайында Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.
Осы жайтқа байланысты Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров арнайы тапсырма берді. Оның аясында жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін өңірге Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс шұғыл жетіп, көмек сұраған түркістандық фермерлермен кездесу өткізді.
Жұмыс сапарының нәтижесінде комитет тиісті шешім қабылдайтын болады.
Айта кетерлігі, фитосанитариялық карантиндік бақылау нәтижесінде облыстағы үш жылыжай шаруашылығында қызанақ пен бұрыштың қауіпті жоғары патогенді карантиндік вирусы — қызанақтың қоңыр әжім вирусы (ToBRFV) анықталып отыр. Мұны ПТР-талдаулар негізінде «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ Алматы аймақтық карантиндік зертханасы растады.
ToBRFV — жабық топырақтағы көкөніс дақылдарының қауіпті патогені. Таралу жылдамдығы жоғары болғандықтан, соңғы екі жыл ішінде вирус Еуропа, Азия және Америка елдерінде анықталып, жабық және ашық жерлерде қызанақ өндірісіне үлкен зиян келтірген.
Вирус жоғары патогенді және ұзақ уақыт бойы тұқымдар мен өсімдіктерде ғана емес, сонымен қатар инертті беттерде де өміршең болып қалады. Қызанақ пен бұрыш дақылдары вирустан 70 пайызға дейін шығын болады.
Естеріңізге сала кетсек, еліміздің фитосанитариялық бақылау бекеттерінде өсімдіктер карантині бойынша бақылау күшейтілген. Осы жылдың 4 айында ToBRFV жұқтырған көкөніс өнімдерін (Әзербайжан – 17, Түркіменстан – 19, Иран – 6, ҚХР – 2, Түркия – 8, Өзбекстан – 24) әкелудің 76 фактісі анықталды. Барлық жүк экспорттаушы елдерге қайтарылып, тауар иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.