Бүгінде Түлкібас ауданының жергілікті бюджетінің басым бөлігін мемлекеттік мекемелер, ауыл шаруашылығы субъектілері, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер есебінен түсетін түсімдер құрайды.
Осыған орай бүгін аудан әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, салық төлеушілерді толық тіркеу, аудан аумағындағы мүлікті түгендеу және қайта бағалау жұмыстарының барысы жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Н.Елчибаев баяндама жасап, басқарманың 2025 жылға арналған бюджет жоспары мен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын таныстырды.
Аудан әкімі Асқар Естібаев баяндаманы тыңдай келе, кірістер басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, салық түсімін ұлғайту, кіріс көздерін нақтылау және жоспарлы жұмыстарды жедел жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, Түлкібаста ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері атты форум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидасын ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткен форумға облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы мобильді топ өкілдері, аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Заңдылық пен тәртіп кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының негізі болып табылады.
Маңызды басқосуда алғы сөз сөйлеген аудан әкімі Аскар Естібаев:
«Бұл – бізге, жергілікті атқарушы органдарға, кәсіпкерлік пен қаржылық жүйе өкілдеріне жүктелген зор жауапкершілік. Бүгінгі форум – осы жауапкершілікті сезініп, нақты қадамдар жасау үшін ұйымдастырылып отыр. Қаржы триггерлері – елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына тікелей әсер ететін басты құралдардың бірі. Оның ішінде салық мәдениетін көтеру, көлеңкелі экономиканы азайту, цифрлық қаржы жүйесін енгізу сынды бағыттар өзекті болып отыр. Біз, аудандық деңгейде де қаржылық тәртіп пен айқындықты қамтамасыз ету үшін жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл ретте азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, жергілікті бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету және әрбір тиынның тиімді жұмсалуын қадағалау – басты мақсатымыз» —деді.
Сонымен қатар, форумда аудандық Агробизнес және саяхат колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Тоғайбеков, аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қ. Егембердиев бүгінде қоғамымыздағы өзекті мәселенің біріне айналып отырған қаржы пирамдасының қаупі, қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы жайында баяндама жасап, маңызды ақпаратпен бөлісті.
Негізі бюджеттен бөлінген қаржы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталып, нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуі керек. Бұл бағытта Түлкібас ауданында бірқатар тірліктер атқарылуда. Ауданда қазіргі таңда бюджет қаражаты есебінен мектеп құрылысы жалғасуда.
Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Қарағашты елдімекенінде орналасқан «Дауан» атындағы жалпы білім беретін мектебіне қосымша 150 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда оқу корпусының іргетасы құйылып, спорт залының жастықшасы әзірленген.
Мердігер мекеме «Ar Kua Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Құрылыс жұмыстарының сапасы мен құрылыс материалдырының уақытылы жеткізілуін қадағалау мақсатында бөлім басшысы Д. Қуандықұлы арнайы барып, мекеме жұмысшыларымен жоба бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі болғандықтан, жылу беру маусымы кезінде 1977 жылы салынған оқу корпусының сыртқы жылу жүйелеріне келетін құбырларын қайта жүргізіп, оқшаулау қажеттілігін ескертіп өтті.
Фото: inbusiness.kz