Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуына қарағанда 2025 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 55 179 адам тарту жоспарланған. Оның жыл басынан бері 36 пайызы орындалып, 19 870 адам белсенді шараларға тартылды.
Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2025 жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 45 778 орын болып белгіленіп, жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру арқылы қазіргі уақытта 16 393 адам жұмысқа орналасты.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 113 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жоспарланған. Қазіргі таңда 33 жәрмеңке өтіп, жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтарға 100-ден аса жұмыс берушіден 1 621 бос жұмыс орындары ұсынылды. 481 адам жолдама арқылы тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Және облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 636 адамға 2,5 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспары қойылған.
Ал, елімізде жұмыссыздық деңгейін қысқарту және Қазақстанда жұмысқа орналасу процесін жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. 2024 жылғы негізгі қадамдардың бірі жұмыспен қамтуды тиімді жоспарлауға және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескеруге көмектесетін аймақтық жұмыспен қамту карталарын бекіту болды. 2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, оның ішінде желтоқсан айының басында 845 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғаны мәлім, бұл жылдық жоспардың 89 пайызын құрады.
Сондай-ақ, жалақыны субсидиялау бағдарламалары белсенді жүзеге асырылуда. Оған қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі және «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобалары кіреді. Осы бағдарламалар аясында 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Өткен жылы кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру үшін «Бастау Бизнес» жобасы жалғастырылды, оның шеңберінде кәсіпкерлікке оқытудан өткен азаматтар өздерінің микробизнесін ашуға өтеусіз гранттар ала алады. 2024 жылы мұндай көмекке 8,9 мың адам қол жеткізді.
Жаңа жетістіктердің бірі – «Mansap Compasy» платформасы енгізілді. Бұл платформа азаматтарға мамандық таңдауға, мансапты жоспарлауға және сұранысқа ие мамандықтарға назар аударуға көмектеседі. Ол сондай-ақ мектеп түлектері мен студенттерге кәсіпте өз жолын табуға көмектесу арқылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға ықпал етеді. Студенттер үшін Электронды еңбек биржасында өндірістік практикаға орын табуға көмектесетін жаңа функционал енгізілді. Бұл жастарға практикалық дағдыларды алуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобалардың инновациялық навигаторы әзірленді, онда жоспар бойынша 150 мың жұмыс орны ашылатын 755 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізілуде. Осы платформа арқылы мемлекеттік бастамалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобалар қадағаланатын болады. Сондай-ақ кепілдендірілген тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайлары және мансаптық мүмкіндіктер бар жұмыс орындарын бақылайтын «сапалы жұмыс орындарын» мониторингілеу жүйесі қолданылады.
2025 жылы мұндай жұмыс орындарының саны 3 жылда 824 мыңға арттырылмақ.
Фото: dknews.kz