Қазақстанда ұялы байланыстың жаңа операторы пайда болады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде ұялы байланыстың екі ірі операторы бар, яғни «Қазақтелеком» компаниялар («Tele 2» мен «Kcell») тобы және «Beeline» бар. Нарықта тағы бір оператор пайда болуы мүмкін. Алайда онда проблема бар, ол радиожиіліктерге қол жеткізбеген. Оған алдымен лицензия алып, одан кейін радиожиілікке мүмкіндік болатындығы ұсынылып отыр… Жалпы, бұл бағыттағы мәселені шешіп жатырмыз. Алдағы жылы ұялы байланыстың тағы бір операторы нарыққа кіруі мүмкін. Ол «Транстелеком» жергілікті операторы болады», — деді С. Жұманғарин.
Оның айтуынша, 2025 жылға қарай жаңа оператор нарықтың 5 пайызын қамтуы мүмкін. Бірақ та бұл бағытта есептеулер расталмауы ықтимал. «Негізінен, бұл операторларда нарықтағы өсімі жылдам болады. Әзірге, 2025 жылға дейін ол нарықтың 1,5 пайызын қамтуы мүмкін екенін ескеріп отырмыз», — деді агенттік басшысы.