Іс-шара мекеме психологтарының бастамасымен ұйымдастырылып, барлық деңгейдегі қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға бағытталды. Кездесу барысында сотталғандар арасында суицидтік мінез-құлыққа бейім тұлғаларды дер кезінде анықтап, оларды тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығы атап өтілді.
Мамандар суицидтің психологиялық табиғатына тоқталып, оның көбіне адамның ішкі қайшылықтары мен әлеуметтік бейімделе алмауынан туындайтынын түсіндірді. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың алдын алуға ерте кезеңнен бастап ықпал етуге болатыны айтылды.
Психологтар қызметкерлерге суицид қаупі бар адамдармен жұмыс істеудің нақты тәсілдерін ұсынып, олармен тиімді қарым-қатынас орнату, психологиялық қолдау көрсету жолдарын түсіндірді. Бұдан бөлек, күмәнді мінез-құлық белгілерін дер кезінде байқап, жедел әрекет ету қажеттігі ескертілді.
Аталған шара мекемеде адам өміріне деген жауапкершілікті күшейтіп, суицидтің алдын алу бағытындағы кәсіби дайындықты жетілдіруге ықпал ететін маңызды қадам ретінде бағалануда. Сонымен қатар, бұл жұмыс қызметкерлердің де психологиялық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.


