Бұл жобалар бойында жалыны бар жастардың іскерлік қасиетін, патриоттық сезімін оятып, күш-жігерін тасытып, асқақ арман, үлкен мақсаттарға жетелейтіні анық. Десек те қандай жағдай жасалып жатса да қоғамымызда масылдық дерті белең алғаны да жасырын емес. Әсіресе, жастар арасында. Осыдан қалай құтыламыз? Не істеу керек? Жастардың жалқаулығы қайдан пайда болды? Бұл қайда апарады?
Міне, Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстік фильм» мекемесінің директоры Райхан Нариковамен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.
– Райхан Дәрменқызы, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан масылдық сана, жастар арасындағы жалқаулық туралы не ойлайсыз? Бұл дертті қалай жеңеміз?
– Сіздің бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан масылдық дегеніңізді осыдан көп жылдар бұрын ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы өзінің алтыншы қара сөзінде айтып кеткен. Хакім Абай өзінің құнды сөзінде: «Қазақ айтады, «Бірлік болмай тірлік болмайды» деп. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай-ақ бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді. Әйтпесе, Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді… «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады», – деген. Абайдың бұл сөзінен не ұғуға болады? Әлбетте, ақын адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға, ерінбей жігерлі болуға шақырады. Қазақта әлі Абайдан артық ақын туған жоқ. Данышпандардың арасында да Абайдың аты айрықша аталады. Ғасыр бұрын туып, бүгінгінің дертін дәл тауып, оның емін де айтып, жазып кеткен. Оның қай шығармасын алсаңыз, барлығы да адалдыққа, адал еңбек етуге баулиды.
Жалпы, масылдық сананы үлкен проблемаға айналдырып, мұны қалай жеңеміз деп қамығудың қажеті жоқ. Әр адам өзінің жалқаулығымен күресу керек. Әркім өзінің өсуі үшін адал еңбек етіп, жұмысын жауапкершілікпен атқаратын болса, қоғамдағы масылдықты жеңеміз. Мұны жеңудің жолы – еңбек ету, жұмыс істеу. Үйде жатып алып «алма піс, аузыма түс» дейтіндердің қатары көбейе берсе жалқаулықты жеңу мүмкін емес, әрине. Біздің кезіміздегі буын таза еңбекпен өсті. Ата-әжеміз, әке-шешеміздің тәрбиесі соған бағытталды. Мектепке де тек сабақ оқып, білім алу үшін ғана бармайтынбыз. Өзіміз отыратын сыныптың тазалығына өзіміз жауап беретінбіз. Кезекшілікпен сынып тазалап, тақта сүртетінбіз. Ұстаздар соны талап ететін. Сол жастайымыздан еңбекке ерте араласқанымыздан жаман болмадық. Бүгінде балаларымызды, немерелерімізді де солай тәрбиелеуге тырысып жүрміз.
Түркия елінде дені сау, он екі мүшесі түгел адам мүлде қайыр сұрамайды екен, себебі адамдар аяқ-қолы сауларға ештеңе бермейді. Жұмыссыздардың өзі кем дегенде аяқ-киім тазалаумен айналысады. Тіпті, еңбекке жарамсыз адамдар да қайырды құр алақанға сұрамайды, арзан заттардың үстінен азырақ болса да ақша қосып сатады. Осы жағынан біз көршілерден үлгі алуымыз керек. Жалпы, өзіміз де еріншек, жалқау ұлттан емеспіз. Ежелден мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығымен айналысқанбыз. Ерлермен бірдей әйелдер де қара еңбектің жүгін арқалап жүріп жұмыс таңдамай істей берген. Сондай аналардың ұрпағы жалқау болуы мүмкін емес. Тек бойдағы жаман әдетті жеңе білу керекпіз. Қазақта «асылдан асыл, жалқаудан масыл туар» деген тәмсіл бар. Келер ұрпақтың масыл болмауы үшін, біз жалқау болмау керекпіз.
– Ауруын жасырған ажалсыз өледі. Шынын айту керек, жалған құжат жасатып, әлеуметтік көмекке жүгінетіндер де аз емес. Бұл да бүгінгі күннің дертіне айналып барады. Бұған не дейсіз?
– Иә, ондайларды көп еститін болдық. Жалпы, әлеуметтік масылдық дегеніміз тек қана қайыршылықпен өлшенбейді. Айналамызда аяқ-қолы сау бола тұра үкіметтен көмек алу үшін жұмысқа жарамсыз деген анықтама алып, тұрақты түрде ай сайын мемлекеттен ақша алатындар да бар. Бұл қазіргі қоғамда қалыптасқан жемқорлықпен де тығыз байланысты. Әркім өз жұмысын адал атқарса, шынымен мұқтаж жандар мемлекет көмегіне ілініп, ақ пен қараның жігі көрінетін еді. Адал еңбекпен жетістікке жеткендерге қарағанда мемлекеттік қызмет арқылы, пара алу арқылы байлыққа жеткендер көп. Пара беріп мұқтаж жандар тізіміне іліккендер нағыз әлеуметтік масылдықтың мысалы бола алады. Өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа адал еңбек етуді, адами құндылықтарды үйрете алмайтын қоғамға айналу – ең сорақы іс. Санамызды әлеуметтік масылдық жаулап, жемқорлық төбемізде ойнап тұрса, біз қандай ел боламыз?!
Елімізде әлеуметтік масылдықты болдырмау үшін жыл сайын Президентіміздің Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесі көтеріледі. Жарайды, мемлекет жастар істесін деп жұмыс орындарын ашты, алайда сол жұмысқа тұру үшін пара беретін жайттар да кездеседі. Ел-жұрт арасында «Таныс бар жерде шанс бар» деген сана қалыптасып кеткен. Осылай қоғамымызда әлеуметтік теңсіздік орын алуда. Ақшасы барлар одан әрі қамдана түссе, кедей байғұстың қалтасы қағыла бермек. Осылайша, шын мұқтаждар масылдардың тасасында қалып кетіп жүр.
Осындайда тағы да Абай атамыздың сөзі ойға оралады. «Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дейді ұлы ақынымыз. Ал, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген. Рас, жұмысы бар адамның жамандық ойлауға уақыты да, мұршасы да болмайды. Кейде біреулердің «уақытымды қалай өткізерімді білмеймін» дегенін есітіп шошып кетесің. Бұл өте қауіпті. Әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға қосылу, қылмыс жасау, моральдық азғындықтарға салыну сынды әрекеттер сол не істерін білмей, бос сандалып жүретіндердің арасында жиі кездеседі.
– Жалқаулығын жұмыссыздықпен ақтап алатындар ше? Жалпы, жұмыссыздық мәселесін қалай шешуге болады?
– Өз қиындығын өзі шеше алатын адамда жұмыссыздық деген мәселе болмайды. Еңбек етуге деген ниет болса, жұмыс көп. Тіпті, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, жастардың жұмыспен қамтылуына жан-жақты жағдайлар да жасалуда. Бос орындар жәрмеңкесі, әр өңірден ашылған жұмыспен қамту орталықтары, мемлекеттік бағдарламалар, осының бәрі жұмыссыз жүргендерге мүмкіндік береді. Адамның өзінде қызығушылық, ізденіс болу керек. Ешкім бірден жоғары жалақы алып, жұмыс істемей, креслоны айналдырып, бастық болып отыра алмайды. Алдымен, өзіңнің адал еңбегіңді көрсетесің, жауапкершілікпен жұмыс істейсің, тәжірибе жинайсың. Жұмыста жетістікке жету үшін, алдымен, маңдай теріңді төгіп, өзіңді дәлелдеу қажет болады. Ал, қазір көп жастар ондай кезеңдерден өтпей-ақ, бірден адам жұмсайтын бастық болғысы келеді. Жұмыс ұсынатындар көп, бірақ жұмыс таппай жүргендер көп. Оның себебі, осы. Жеңіл жұмысты, жоғары жалақыны қалаймыз.
Мен жұмыс таппай жүрген жастарға таң қаламын. Олардың энергиясы көп, кез келген жұмысқа дайын тұру керек. Біз жас кезімізде шаршауды білмейтінбіз. Үйдің де, сырттың да жұмысын күліп-ойнап жүріп-ақ атқарып тастайтынбыз. Себебі біздің миымызда «мұны істеу қиын» деген қағида тұрмайтын. Қазіргі кей жастар оңайдың өзін қиынға айналдырып, түнеріп отырады. Қай нәрсені де дұрыс қабылдап үйрену керек. Қиын десең, бәрі қиын, өмірің де қиындап кетеді. «Менің қолымнан келеді», «мен істей аламын» деген ұмтылыс, талпыныс қажет. Адамда мақсат болу керек. Ал, сол мақсатыңа тек еңбекпен ғана жете аласың. Үйде жантайып жатып, мақсатына жеткен адам тарихта болмаған, болмайды да. Сондықтан, жастардың еті тірі, елгезек, ояу болу керек. Сыныққа сылтау іздемей, ұсынған жұмыстың үдесінен шығып істеп кету қажет.
Беталысы күнде өзгеріп жатқан алмағайып заманда адамзат үшін ешқашан өзгермейтін екі құндылық бар. Ол – білім мен еңбек. Сондықтан, өсіп келе жатқан жас ұрпақ еңбекке бейім болса, еліміз де өсіп-өркендеп, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығая түседі. Әлем толассыз дамыған өркениет көшін қалыптастырды. Әр адамның сан мыңдаған кәсіпті игеру жолында толықтай мүмкіндігі бар. Табысты еселеу арқылы тұрмыстық ахуалды да жақсарту – әр азаматтың борышы. Бәсекелестік заманы туған шақта бекерден-бекер қарап отыруға болмайды. Қарым-қабілетімен еңбек еткен адамның берекесі артады. Жоспарлы әрекет ете білген жағдайда алға қарай ілгерілеу де байқалады. Қазіргі таңда қайраты мен жігері бойында тасыған кей азамат іске келгенде қауқарсыз күй кешуін жұмыссыз болуымен байланыстырады. Негізі, қолынан іс келетін адамды жұмыстың өзі-ақ іздеп табады. Сондықтан да, жағаға жармасқан жалқаулықтан арылып, табанды еңбек ету – бүгінгі заманның алғашқы талабы екенін ұмытпау керекпіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Аида ӨТЕП
Фото: YouTube ONTUSTIKFILM