Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында елді мекендерді газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы талқыланды. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындау туралы тапсырмалар жүктеді.
– Аудан, қала әкімдіктері тарапынан газ құбыры жүргізілген елді мекендерде тұрғын үйлерді газға қосу, абоненттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырыңыздар. Абоненттерді толық табиғи газға қосылу жұмыстарын келесі күзгі-қысқы жылыту маусымына дейін толық аяқтаңыздар. Газ нысандарының құрылысын мерзімінде аяқтап, анықталған кемшіліктерді шұғыл түрде қалпына келтіруді тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәлімдеуінше, елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жалпы осы жылы аяқталу қажет 46 нысанның 27 нысаны пайдалануға тапсырылды. Ал, 19 нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған. Жыл қорытындысымен 37 елді мекен немесе 73 мың халық табиғи газбен қамтылады. Нәтижесінде, 1,9 млн. тұрғыны бар 600 елді мекен «көгілдір отынға» қосылмақ.
Одан бөлек, 45 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржыландыру үшін мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізілді. Сондай-ақ, облыста 50 мыңға жуық тұрғыны бар 39 елді мекенді газбен қамту бойынша 46 жоба әзірленуде.
Жалпы облыстағы елді мекендерді 2027 жылға дейін газдандырудың іс-шара жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы газдандырылған елді мекендер санын 765-ке жеткізу көзделуде.
Облыс аумағында елді мекендерді газбен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып, қатаң бақылауда болады.
Тағы бір айтары, Түркістан облысындағы орталық жылу беру ұйымдарының дайындығына 7,8 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 7,7 млрд теңге бюджет есебінен бөлінген.
Түркістан облысында 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қысқы маусымға әзірлік барысы кеңінен талқыланды. Облыс басшысы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және мәдениет, спорт салаларындағы нысандардың жылыту жүйелері түгелдей тексеріліп, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ жылыжай иелері мен жеке тұрғын үйлердің иелері қыс түспей тұрып, алдын ала қамдану қажеттігі айтылды.
Отырыста энергетика және инфрақұрылым салаларындағы дайындық пысықталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәлімдеуінше, өңірдегі дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда облыста жылумен қамтамасыз ететін 7 кәсіпорын қызмет көрсетуде. Оның ішінде 1 жылу энергетикалық кешен, 36 орталықтандырылған қазандық, 2 083 автономды қазандық бар.
Бұл нысандарда жылыту маусымына дайындық аясында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Электрмен қамтамасыз ету бағытында 1 239 шақырым электр беру желісі, 26 қосалқы станция, 465 трансформатор қондырғысына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Qazaq Gaz» АҚ тарапынан 2025-2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Орталық жылу беру ұйымдарының дайындығына 7,8 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 7,7 млрд теңге бюджет есебінен бөлінген.
Кентау қаласында жылу энергетикалық кешен жаңғыртылып, 14,5 шақырым магистральды жылу желілері қайта құрылуда. Созақ ауданындағы Қыземшек кентінде қазандықтар ауыстырылып жатыр. Төлеби ауданында 1,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, жылу қазандығы жөнделген. Отырар ауданының Шәуілдір елді мекеніндегі жылу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданында жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Түркістан қаласындағы 18 орталықтандырылған қазандықтың барлығында қысымдау жұмыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар орталық қазандықтарға резервтік отын түрлерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Әлеуметтік нысандардың жылу жүйелеріне де қысымдау жұмыстары жүргізілген. Облыс бойынша көмір отынына деген жалпы қажеттілік – 600,1 мың тонна.
Фото: Turkistan oblysynyn akimdigi