Қайырымдылық – адам бойындағы ізгі іске бағыттайтын алтын қақпа іспеттес, ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі екені даусыз.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген қазақ атамыз. Иә, қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кеңпейілділік. Жомарт болу – өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс.
Әрбір жасалған істе ізгіліктің бар екенін есте сақтаған абзал. Адамның жасаған игі істерінің бәрі оның ақыл-ойы мен жүрек жылуының көрінісі. Жаныңда жүрген жандардың қуанышын бөлісіп, қиындығына ортақтаса алсаңыз қазақ халқына тән ұлттық қасиетіңіз бен көрегендігіңіздің жемісі деп біліңіз. Жүрек жылуын ұсынып, ізгілік нұрын шашып, сый-сияпат көрсете алу адамның адамдық белгісінің қасиеті. Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық жағдай. Қайырымдылық жасау мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отырған аса игілікті іс болып отыр.
Жақында Түркістан облысы Созақ ауданы Абай ауылының тұрғыны Спатаев Төлегеннің көтерген мәселесі оң шешімін тауып, жаңа баспанаға қол жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылы ауыл тұрғыны Спатаев Төлеген аудан басшысының қабылдауында болды. Пәтер бөлуге көмек сұрап, әлеуметтік мәселесі бойынша өтінішін жеткізді.
Аудан басшысы Абай ауылына жасаған жұмыс сапарында өтініш иесінің шаңырағында болып, отбасының тыныс-тіршілігімен танысты. Мәселенің шешу жолын ауыл қарияларымен бірлесе талқылады. Игі іске ел болып атсалысу ісі қаралып, жаңа үйдің іргетасы қаланды. Ауыл тұрғындарының қамқорлығымен үйдің қабырғасы тұрғызылып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін аудандық мәслихат депутаты Базарбай Нұрланов бастаған бірқатар кәсіпкерлер де жұмыла кірісіп, бүгін баспана иесі қоныс тойын тойлады.
Игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Игі іске қолдау білдіріп, аса ұйымшылдық танытқан ауыл ақсақалдарына, аға буын өкілдері мен мұқтаж жанның сұранысына сай еңбек еткен барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Шараға жиналған ауыл жұртшылығы ізгі тілектерін арнап, баспана иесінің қуанышын бірлесе еңсерді.
Ал, Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны Дилшод Сайдумаровтың шаңырағында қайғылы жағдай орын алып, үйі өртенген болатын. Абырой болғанда адам шығыны орын алмады. Үй толығымен өртеніп, жарамсыз халге жеткен. Өрттің шығуы электр желісінің қысқа тұйықталуынан орын алған.
Бүгінде дүйім ел ауылдастарының басына түскен қайғылы жағдайды арылту мақсатында «Асар» жолымен көмек көрсетуде. Осы орайда Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев аталған шаңыраққа барып, бүгінгі отбасының жағдайымен танысты.
Өрт тілсіз жау. Орын алған жағдай бойынша жергілікті әкімдік пен коммуналдық мекемелер тиісті шараларды ұйымдастырады. Қажетті техникалар және тұрғын үй ресурстары жеткізіледі. Жауынды маусым басталғанша үйіңіздің негізгі бөлігін аяқтап, үстін жабу жұмыстары ұйымдастырылады. Осындайда елдігімізді көрсетіп, қолғабыс болған барша жерлестерге алғысымды айтамын. Жағдайды өз бақылауымда ұстаймын, — деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда тұрғын үйдің электр бағаналары орнатылып, үйдің қабырғасын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі Қошқарата ауылдық округінің әкімі мен Келес Қызмет мекемесінің басшысына жұмысшылар санын арттырып, үй құрылысын ширатуды тапсырды.
Сондай-ақ, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығынан жеке инвесторлар арқылы салынып жатқан 2 пәтерлі 24 тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқан аумаққа барып, жұмыс қарқынымен танысты. Құрылыстың сәулеті мен сапасына баса мән беріп, мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесті. Бұл бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеп, жұмыс барысын бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта онда жаңадан қосылған 2 пәтерлі 6 тұрғын үйдің қабырғалары тұрғызылып, қалған 2 пәтерлі 18 тұрғын үйлердің ішкі және сыртқы жұмыстары қатар жүруде.
Ішкі қабырғаларына түсқағаздар жабыстырылып, едендері төселуде. Бұған қоса үйлердің сыртқы фасады травертинмен әсемделіп, суыққа төзімділігіне баса мән берілуде. Жаңа үйлерде су, жылу сынды коммуналдық қызметтері мен ішкі жұмыстары толық жүргізіледі. Әр тұрғын үйдің жалпы алаңы 71,1 шаршы метр аумақты құрайды.
Фото: 365info.kz