— Дүниежүзілік денсаулық ұйымы жол апатынан көз жұмғандардың саны бойынша Қазақстан 192 елдің ішінде 107-ші орында тұр, — дейді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Үкімет сағатында. — Ал, Дүниежүзілік банк (The World Bank) келтірген мәліметтерге сәйкес, елімізде 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 24-ке тең. Қазір 12 адам деген дерек бар. Салыстырмалы түрде алсақ, Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 3 адам.
2024 жылы елімізде 12 660 645 жол ережесін бұзу фактілері анықталған. Биылғы дерек одан асып кетпесіне кепіл жоқ. Себебі аяқталмаған 2025 жылдың өзінде тас жолда 9,7 миллион әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 16 700 мас жүргізуші ұсталған.
— Өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылдың 9 айында адамның өліміне немесе ауыр жарақат алуына әкеп соқтырған жол көлік оқиғаларының саны 41,9 пайызға көбейді. Ең көп өсім Атырау облысында тіркелген, жол апатының саны 162,5 пайызға артыпты. Ақтөбе облысында 123 пайызға, Қызылорда облысында 101,9 пайызға жол апаты көбейген. Мұның себебін сарапшылар аталған өңірлердегі бір жолақты жолдардың көптігімен түсіндіреді, — дейді Мәжіліс депутаты.
Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйенсек, Қазақстан 2024 жылы жол сапасы жөнінен 119 елдің арасында 90-шы орын алған. Салдарынан еліміздегі көлік соқтығысының 30 пайызы жол төсемінің сапасыздығынан деген қорытынды жасалды. Бұдан бөлек қарсы бағытты көрсетуі тиіс жол белгілерінің, қарапайым сызықтардың болмауы көп кездеседі. Артынша автокөліктер қарама-қарсы бағытқа шығып соғылады, салдарынан ондаған адам көз жұмады.
— Тағы бір түйткіл автомобиль жолдарын жобалауға қатысты. Жол салатындар қауіпсіз, ұзақ қызмет ететін трасса төсеуді емес, тас жолды барынша арзанға төсеуді ойлайды. Салдарынан жолдың ені желінеді, минималды қорғаныс элементтері болмайды, заманауи жарықтандыру жүйелері жасалмайды, сапалы қоршаулар қойылмайды. Бұдан бөлек, жол салғанда оның жиегіне кемпингтер, демалуға арналған айлақтар қойылмайды. Салдарынан көлік жүргізушілері сағаттап демалмай рөлде отыруға мәжбүр. Оның арты апатқа апаратыны айтпаса да түсінікті, — дейді Н. Сәрсенғалиев.
Жүргізушісі куәлігін беру мен автокөлікті техникалық бақылаудан өткізуге қатысты түйткіл де шешімін таппай тұр. Адамнан ақша алып жүргізуші куәлігін 250 мың теңгеге әперетіндердің жарнамасы желіде жетеді. Соңғы жылдары емтиханнан өткізіп беремін деп ақша алған 222 факт тіркелді. Бұл ресми есеп, бейреми қаншама жүргізушінің оқымай-ақ тас жолға шығып кеткені беймәлім.
Фото: Егемен Қазақстан