Соның аясында Құркелес және Жарты төбе ауылдық округтерінде заманауи спорт алаңшалары пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Іс-шараға аудандық мәслихат депутаттары Ержан Бекназаров, Қайрат Пердіқұлов, Руслан Насиров, ауыл әкімдері мен жергілікті тұрғындар да қатысты.
– Бұл мемлекетіміздің ел келешегін, ұрпақ болашағын ойлаған салиқалы саясатының нақты көрінісі. Спортты сүйетін жас ұрпақ – дені сау, болашағы жарқын қоғамның негізі. Бүгін пайдалануға берілген алаңша жастардың дамуына, салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік береді. Осындай спорт нысандарынан болашақ чемпиондар өсіп шығады деп сенеміз, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Айта кетсек, Құркелес ауылдық округіне қарасты Құлтума елді мекеніндегі кіші футбол және workout алаңшасының құрылысына аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер “Саят & Әділет” ЖШС-і жұмыс жүргізді. Қазіргі таңда құрылыс толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Жарты төбе ауылдық округінің Достық-2 елді мекеніндегі спорт алаңшасының құрылысы «Энерго ВЭС» ЖШС тарапынан жүргізілді. Жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Жаңадан пайдалануға берілген спорт алаңшаларында кіші футбол және workout (жаттығу) алаңшалары қарастырылған. Бұл нысандарда жақын маңда тұратын балалар мен жастар футбол, волейбол және өзге де спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласындағы аяқ жол, жарықтандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарының барысымен танысу мақсатында бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Аудан басшысы аталған жобалардың сапасы мен уақытында аяқталуына, сондай-ақ абаттандыру талаптарының толық сақталуына баса назар аударды.
Аудан әкімі алдымен қала ішіндегі ішкі көшелерде жүргізіліп жатқан аяқ жол құрылысының барысын бақылады. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды “Энерго Вэс” ЖШС мердігер мекемесі атқаруда.
Келесі кезекте қала аумағында салынып жатқан балалар ойын алаңшаларының құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда қалаға қарасты үш ішкі көше бойында заманауи балалар алаңшаларын орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аралау барысында қала көшелеріндегі жарықшамдарды жөндеу және жаңарту жұмыстары мән-жайы пысықталды.
– Халықтың өмір сүру сапасын арттыру – біздің басты міндетіміз. Сондықтан әрбір жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қатаң бақылауда болуы тиіс, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Аудан басшысы мердігер мекемелерге құрылыс сапасы, қауіпсіздік стандарттарының сақталуы және жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар, аудан әкімі Сарыағаш қаласындағы темір жол вокзалын қайта жаңғырту жобасының барысымен де танысты. Жоспарланған жұмыстар нәтижесінде вокзалдың инфрақұрылымы жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмақ.
Тағы бір айтары, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық лездемелік мәжіліс өтті. Жиынға аудандық бюджеттің орындалу барысы бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Азамат Мұрат баяндады.
– «Дайындалып жатыр» деген сөз жеткіліксіз! Маған жұмыстың нақты нәтижесі мен орындалу мерзімін ұсыныңыздар! – деп нақтылады аудан басшысы. Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Арман Абдуллаев күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді.
Фото: Өскен өңір — Шиелі аудандық газет