- «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» десек те…
Нақтырақ айтсақ, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түсті. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге еліміз бойынша 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды.
Соның ішінде Жамбыл облысында 6 мектепке қаржы бөлінген.
Т. Рысқұлов, Шу және Қордай аудандарында бір-бір мектептен және Тараз қаласында 3 нысан, яғни, 15 шағын аудан мен Арай шағын ауданында бір-бір мектеп және ІТ лицей нысаны.
Бұл нысандардың алды аяқталып, лентасы кесіліп те қойды. Бірақ солардың ішінде Арай шағын ауданындағы 600 орындық мектеп жергілікті биліктің нағыз «бас ауруына» айналды.
Жалпы алғанда бүгінде Арай шағын ауданында білім беру мәселесі үлкен проблема болып отыр. Кейінгі жылдары пайда болған бұл ауданда көпқабатты үйлерден бөлек жер үйлер де күн өткен сайын көбейіп, етегін кеңге жайып барады. Бұл төңіректің оқушыларының басым бөлігі «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы N3 мектеп лицейіне барып оқиды. Нәтижесінде бала саны көп. Оқушылар сыймайды. Міне, Арай шағын ауданынан жаңа мектеп салу мәселесі осыдан кеп туындағаны анық.
Әрине, «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» десек те, жемқорларға бұйырмаған қаржы балаларға бұйырып, игілікті іске жұмсалатынына көпшіліктің риза болғаны анық. Алайда коррупционерлердің қаржысына салынып жатқан Арай шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысының өзі біраз коррупциялық жағдайды ұшқындатып тастағаны тағы рас.
- Мердігер компания басшысының өзі қамауға алынды
Бұл мектептің құрылысы бойынша алғаш рет 2021 жылдың 8-шілдесінде «БазисДорСтрой» ЖШС-мен келісім шарт жасалынады. Нысанның құны – 1 242 444 268 теңге.
Техникалық қадағалаушы «Тараз-Технопроект» ЖШС.
Құрылыстың ұзақтығы – 18 ай.
Сонымен құрылыс 2021 жылдың 21-шілдесінде басталып, бес айдан кейін қаражаттың болмауына байланысты уақытша тоқтатылады.
Одан 2022 жылдың 19-ақпанында қайтадан басталып, тура он айға созылып, сол жылдың 19-желтоқсанында қаражаттың болмауына байланысты қайтадан тоқтайды.
Ең сорақысы, жемқорлардан қайтарылған қаражатқа мектеп салып жатқан «БазисДорСтрой» ЖШС-нің басшысының өзі 2022 жылдың мамыр айында Алматыда сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша күдікке ілініп, уақытша қамауға алынады. Міне, осыдан кейін құрылыс жұмыстары тіптен баяулайды. Жалпы интернетте «БазисДорСтрой» ЖШС-нің басшысының қамауға алынғаны туралы ақпараттар там-тұмдап қана айтылады. Басқа ақпараттар, яғни, тергеу, сот барысы туралы мәліметтер мүлдем жоқ. Соған қарағанда бұл іс сотқа жетпеген сияқты. Дегенменде бұл жағдай мектеп құрылысының тұралап қалуына қатты әсер етті.
2023 жылдың 3-тамызындағы жағдай бойынша мектеп құрылысына 1 101 152,7 мың теңге аударылған. Бірақ жоспар бойынша 2021 жылдың шілдесінде басталып, 2022 жылдың аяғында пайдалануға берілуі тиіс мектеп құрылысы әлі күнге біткен жоқ. Міне, 2024 жыл басталды. Бұл кезде мектепте балалар жүгіріп, қоңырау соғылып, сабақ өтіп, абыр-сабыр боп жатуы тиіс мектеп ғимараты нағыз айқай-шудың ордасына айналып тұр.
Осыдан кейін «БазисДорСтрой» ЖШС-не байланысты облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет – құрылыс бақылау басқармасының тарапынан ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 312, 1 тармағы, 315 бабына сәйкес айыппұл (1 380,0 мың теңге және 172,5 мың теңге) салынады. Кемшіліктерді түзеу үшін ұйғарым берілген. Одан бөлек, 3-қазанда басқарма тарапынан «БазисДорСтрой» ЖШС-ін жосықсыз тану бойынша сотқа талап берілді.
Сондай-ақ, техникалық қадағалаушы «Тараз-Технопроект» ЖШС-не де 621,0 мың теңге айыппұл салынып, сарапшы аттестатының қолданысын 6 ай мерзімге тоқтатылған.
- Басқармасы басшысының орынбасарына айыппыұл салынды
Жемқорлардан қайтарылған қаражатқа салынып жатқан бұл мектеп облыстық құрылыс басқармасына да оңай тиген жоқ. Бұл нысан Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралып, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбайға тәртіптік жазаға тартылды. Міне, Әдеп кеңесінің мәліметтері былай дейді:
«03.08.2023 жылғы жағдай бойынша мектеп құрылысына 1 101 152 727 теңгеге жұмыстар жүргізіліп, тапсырыс берушімен орындалған жұмыстарға қаражат аударылған.
Бұл ретте, «БазисДорСтрой» ЖШС-мен 2021 жылдың шілде, тамыз, қыркүйек, қазан қараша айларында және 2022 жылдың наурыз, айларында ұсынылған жұмыстарды орындау туралы актілерге, басқарманың бұрынғы басшылығының және Ә.Аманбайдың қолдары қойылып, мердігердің есеп-шотына тиісті қаражаттар аударылған.
Қаражат аудару басқарманың 30.07.2021 жылы 50 000 000 теңге, 27.08.2021 жылы 18 36 3686 теңге, 25.08.2021 жылы 12 071 327 теңге, 02.09.2021 жылы 201 195 218 теңге, 29.09.2021 жылы 228 167 946 теңге, 28.10.2021 жылы 408 160 789 теңге, 30.11.2021 жылы 21 335 296 теңге, 30.11.2021 жылы 19 706 188, 80 теңге, 15.12.2021 жылы 74 414 614 теңге, 24.03.2022 жылы 20 529 917 теңге, 24.05.2022 жылы төлем шоттарына сәйкес жүзеге асырылған.
Бірақ бүгінгі таңға дейін бұл объекті бойынша қабылдау актісі жасалмаған.
Алайда, прокуратура органдарының өкілдері және құрылысқа қатысушалардың тарапынан мектеп құрылысы бойынша жұмыстардың орындалуына сырттай шолу жүргізу нәтижесінде 25 885 496 теңгеге бірқатар жұмыс түрлерінің орындалмағаны анықталып, 03.08.2023 жылы акт жасалған.
Айта кетерлігі, аталған құрылыс объектісі бойынша келісім-шарттың мерзімі 31.12.2022 жылы өтуіне қарамастан, мердігер жұмыстарды аяқтамай 2021-2022 жылдары жұмыстарды орындау актілерінде көрсетілген 25 885 496 теңгеге жұмыс түрлерін 2023 жылдың 8 тамызына дейін орындамаған.
Сонымен қатар, Басқарма тарапынан объектінің құрылыс жұмыстары 2022 жылдың жаз мезгілінен бері тоқтағанына қарамастан, ағымдағы жылдың тамыз айына дейін «Базис ДорСтрой» ЖШС-мен қосымша келісім-шарттар жасалып, құрылыс мерзімдерін негізсіз ұзартқан.
Одан бөлек, 10.07.2023 жылы Басқарма жоғарыда аталған жұмыстарды жалғастыру мақсатында бір дерек көзден заңнама талаптарында көзделмеген негіздермен 141 291 539, 40 теңгеге басқа мердігер «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен №105/23 келісім-шарт жасаған».
Міне, осыдан кейін Жамбыл облыстық құрылыс басқармасы басшының орынбасары Ә.Аманбайға 172,5 мың теңге айыппұл салынды.
- «1,2 млрд теңгенің жұмысын көріп тұрған жоқпын…»
Әрине, жергілікті билік бұл мектепті тезірек бітірудің бар амалын жасады. Әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін және білім беру нысанын аяқтау мақсатында облыстық құрылыс басқармасы «СтройМонтажГрупп» ЖШС-мен 141 291,5 мың теңгеге келісім шарт жасап, құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Әрине, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл серіктестікпен келісім-шартты бір дерек көзден беру арқылы заңсыз жасаған деп отырса да құрылыс басқармасы мектеп құрылысын тезірек аяқтау үшін амал жоқ, заң-зәкүнді аттап-пұттап өткен сияқты.
Сонымен бүгінгі күні «СтройМонтажГрупп» ЖШС тарапынан 100,0 млн. теңге игеріліп, жалпы құрылыс жұмыстары 97 пайызға орындалған.
Жамбыл облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков Арай шағын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы 2023 жылдың 15-желтоқсанында аяқталады деп айтқан болатын. Бірақ уәде орындалмады.
2024 жылдың 4-қаңтарында бұл мектептің құрылысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен Жамбыл облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының депутаттары барып танысты. Енді құрылыс басқармасының басшысы Д. Әбдібеков мектепті қаңтар айының соңында қабылдап алатынын айтып қалды.
Бірақ бұған халық қалаулылары күмән келтірді. Өйткені мектептің ішкі құрылыс жұмыстары өте сылбыр жүруде. Және көптеген жұмыстар өте сапасыз орындалған.
— Шынымды айтсам, дәл осы мектептен 1,2 млрд теңгенің жұмысын көріп тұрған жоқпын. Мектептің іші де, сырты да өте сапасыз жасалған. Әсіресе, есіктері өте арзан, сапасыз. Ертеңгі күні балалар ойнайды, асыр салады, бұл арзан дүниелер ә дегеннен қирап, бүлінетіні анық. Сондықтан бұл құрылысқа бөлінген қаржы толық жұмсалды ма, жоқ па, антикор мекемесіне хат жазу керек сияқты. Қаржының қаншалықты дұрыс жұмсалғанын солар тексерсін. Және бұл нысан қаңтар айының аяғында пайдалануға беріледі деп жатыр. Меніңше бұл мектеп наурыз айында бітсе де жақсы. Қазіргі қарқынымен әлі екі айға созылатыны анық, — деді бұл жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров.
....Яғни, бұл тірлікті қолға алған жаңа мердігер де бұл мектептің құрылысын сылап-сипап, тезірек бітіріп кетуге тырысып жатқаны байқалады. Қалай айтсақ та, 1,2 млрд теңге бөлінген білім ошағы осылайша жарым-жан күйге түсіп тұр. Шынында дәл қазір көзге жылтырап көрініп тұрған дүниелер ертең пайдалануға берілгеннен кейін бір-екі тоқсанға жетпей, қирап, бүлінетіні анық. Ал білім бөлімдері жаңа мектептің жөндеуіне 5 жылға дейін қаржы бөле алмайтыны тағы белгілі. Ендеше екі ортада мектеп басшылығы сорлайды. Онсыз да осы нысаннан құтылуға асық боп жүрген мердігер компания бұл кезде ұстата ма?
Біздің білетініміз мектеп құрылысына бөлінген қаржының дұрыс-бұрысын тексеру үшін депутаттар тарапынан антикорға хат жолданды.