Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2024» республикалық чемпионатының жеңімпаздары анықталды.
Қатысушылар 29 құзыреттілік бойынша бақ сынасты. Республикалық сайыста Түркістан облысының колледж студенттері 2 алтын, 1 күміс, 4 қола және 11 ерекше медальонға ие болды. Ал республика бойынша жалпы командалық есеппен Түркістан облысы 6 орыннан көрінді.
Нақтырақ айтқанда, «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенті Жанерке Сауран І орынды және «Сырлау және әрлеу жұмыстары» құзыреттілігі бойынша Кентау көпсалалы коледжінің студенті Жанар Серік І орынды жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынды «Кірпіш қалау» құзыреттілігі бойынша Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің намысын қорғаған Нурдавлат Жалолов иеленді. «Бастауыш білім беру» құзыреттілігінен Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжінің студенті Айым Момбекова, «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінен Оразәлі Егізбай, «Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінің студенттері Айдын Ермахан мен Ернұр Дүйсенбек, «Плитка жапсырудан» Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледж студенті Мухаммадали Авазханов ІІІ орынды місе тұтты.
Бұдан бөлек, Түркістан облысының намысын қорғап барған 11 студент арнайы медальондармен марапатталды.
Сондай-ақ, Түркия елінің астанасы Анкара қаласында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Жарыс классика, рапид және шапшаң түрінен болды. Әлем біріншілігіне 14 елден 100-ге жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Моңғолия, Өзбекстан, Румыния, Түркия, Испания, Франция, Чехия, Украина, Грузия, Венгрия және АҚШ спортшылары бақ сынады.
Зияткерлер бәсекесінде Қазақстан намысын қорғаған Түркістан облысының мақтанышы, облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірті Әсел Далиева қарсылас шақ келтірмей, 2 алтын және 1 қола медаль иеленді.
Ал, Түркістанда колледж студенттері арасында өткен «Спорт – біздің серігіміз!» атты спартакиада өз мәресіне жетті. Жабылу салтанатында Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады.
«Бұл спартакиада – спортты насихаттаудың жарқын үлгісі. Қатысушылардың ынта-жігері, спортқа деген құштарлығы ерекше болды. Барша жеңімпазды құттықтаймын және жастарымызды алдағы уақытта да осындай белсенділік танытып, жоғары жетістіктерге жете беруге шақырамын» деді орталық басшысы.
Шара барысында қатысушылар спорттың төрт түрінен сынға түсіп, өз шеберліктерін көрсетті. Аталған спартакиада жастар арасында достықты, бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын дәріптеуде үлкен үлес қосты.
Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, марапатталды. Атап айтқанда 1-орынды Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі иеленді. Ал 2-орын Сайрам ауданының Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжіне, 3-орын – Ерқанат Тәңірбергенов атындағы Түркістан индустриалды-техникалық колледжіне бұйырды. Сонымен қатар, жекелей марапаттар табысталды. «Үздік ойыншы» номинациясымен Айдос Қалданбек, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Өмірзақ Нұрсәт марапатталды.
Айта кетейік, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырған іс-шараның мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау арқылы жастардың денсаулығын нығайту, әртүрлі оқу орындарының студенттері арасында достық қарым-қатынасты арттыру, жастардың спортқа деген қызығушылығын оятып, олардың шеберлігін шыңдау.
Сондай-ақ, Жамбыл облысында жамбы атудан ересектер арасындағы ел біріншілігі өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық өңірінен іріктелген мергендер өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен садақшылар сайысында Түркістан облысының спортшылары 3 алтын, 4 күміс, 2 қола еншілеп, жалпы командалық есепте көш бастады.
Атап айтар болсақ, жамбы атудың «мажар» стилінде сынға түскен Сарыбай Айтбек алтын медаль алса, Айкөз Ералхан күмісті олжалады. Ал, «азия» стиліндегі сайыста үздік үштікті толықтай түркістандық спортшылар алды. Бексауыт Батыр алтын медальді қоржынға салса, Айкөз Ералхан мен Сарыбай Айтбек күміс пен қолаға қол созды. Ал, «түркі» стиліндегі күміс медальді құрама қоржынына Айкөз Ералхан салса, «жамбы» стиліндегі де жүлденің барлығы Түркістан құрамасының қоржынында.
Ал Шардара ауданының спортшысы Ерсұлтан Мұзаппаров Астана қаласында өткен қазақ күресінің алыптары айқасатын «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдені қанжығаға байлаған болатын.
Оңтүстіктің ғана емес,туған жері Шардараның мерейін үстем еткен спортшыны Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев арнайы шақырып, ерге лайықты құрмет көрсетіп, ат мінгізді. Сондай-ақ, бүкіл аудан халқының атынан алғыс айтып, жеңісті күндер тіледі.
–Ерсұлтанның жеңісін телеарнадан көріп, бойымызды айрықша қуаныш кернеді. Алыптардың арасында финалға жолдама алу бірінші кезекте тәжірибеге, шеберлікке байланысты болса, содан кейінгі кезекте өр намыстың арқасы болса керек. Бүгінгі таңға дейін Ерсұлтан бауырымыз қанша белестерді бағындырды. Шардара чемпиондар жері деген сөзді іс жүзінде дәлелдеп жүрген азаматтың бірі өзің» — деді Арман Романұлы.
Қалай айтсақ та спорттың саулық кепілі екені баршамызға белгілі. Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе.
Фото: Түркістан қалалық әкімдігі