Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты, өнерлі жастардың қолында.
Дана халқымызда «Асыл тастан, ақыл жастан шығады» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі білімді, өнерлі жастар ертеңгі күні Отанымызға қызмет ететін адал қызметкер болып қалыптасары анық. Жастардың бойындағы табиғи таланты мен дарынын танып, қолдау көрсете білгенде ғана олардың арасынан жалынды да жасампаз тұлғалар іріктеліп шығатыны белгілі. Осыған орай, «Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деген ұстанымды алға тарта отырып, қалалық мәдениет үйінде жастардың таланттары мен қабілеттерін ашып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, жаңа есімдер ашу мақсатында көптеген байқаулар мен фестивальдер ұйымдастырылады.
Жастар белсенді, қоғамға жанашыр, тәрбиелі болуы тиіс. Барша жастардың өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруына, мүмкіндіктерін барынша пайдалануына, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуіне бар жағдай жасалған.
Жақында Шардарадағы «Жаушықұм» мәдениет сарайында жастарды өнер мәдениетіне баулу арқылы танымдық қызығушылығын, сахна мәдениетін қалыптастыру, талантты жастарды қолдау мақсатында «Болашақ үміт — жастарға сенім» атты тақырыбында аудан жастар арасында Жаушықұм ауылдық округі әкімі кубогының ақтық сайысы өткізілді.
Ақтық сайысқа 10 команда қатысты. Сайысты аудан әкімінің орынбасары Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы ашып беріп, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Ойын нәтижесінде:
І орын «Байдың қыздары» командасы (Қ.Тұрысбеков а/о) — жүлде қоры
50 000 теңге және «Жаушықұм ауылдық округі әкімінің кубогы»;
ІІ орын «IBILIM» командасы; (Шардара қаласы) — жүлде қоры
30 000 тегңе;
ІІІ орын «Ханшайымдар» командасы; (Қоссейіт а/о) — жүлде қоры
20 000 теңге;
Көрермен көзайымы номинациясымен «Жаушықұм ұландары» командасы;
Үздік ойыншы номинациясымен «Ханшайымдар» командасының капитаны Үсен Сезім Орайбайқызы атанып және әрбір ауылдан келген командаларға ауыл әкімінің дипломы мен алғыс хаттары табысталды.
Ал, Сарыағаш ауданында «Жақсы келін – ырысың» атты жас келіндер арасында байқау өтті.
Аталған шараға ауданның 10 келіні қатысып:
-аспаздық шеберліктері: қамыр илеп, жаю;
-«Аялулы ана» бала жұбатуға арналған ғұрыпты әндерді орындау;
-«Ісмер келін» қолөнер шеберлігі,
— «Білгенге маржан» сұрақ -жауап тақырыптарындағы тапсырмалар бойынша өнерлерін ортаға салды. Аса дайындықпен келген келіндер сайыста ерекшеліктерімен жұртты сүйсіндіріп, көптің көңілінен шықты.
Байқаудың қорытындысы бойынша:
-І орынды Қасымбек Нағима,
-ІІ орынды Ахмет Аяулым,
-ІІІ орынды Елемес Баян қанжығасына байлады.
Байқауға қатысушы Б.Қайықбаева «Ибалы келін», Ф.Кумекова «Тапқыр келін», С.Шалабаева «Өнерлі келін», А.Байсейтова «Шебер келін», Ғ.Пернебек «Көрікті келін», Б.Срайлова «Дана келін» Б.Шералиева «Бармағынан бал тамған келін» номинацияларын иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Хамзаева құттықтап, бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.
Айта кетсек, байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту.
Отбасының ұйытқысы болған жас келіндерді ақылдылық пен парасаттылықтың, инабаттылықтың үлгісі ретінде өскелең ұрпаққа көрсету.
Сондай-ақ Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық сенбілік ауданымыздың барлық аймағында қарқынды өткізіліп келеді. Аудандағы №16 Колледж «Ашық жүрек» студенттерінен құралған еріктілер клубы және ауданның ерікті жастары Сырдария су қоймасының жағалауына сенбілік өткізді. Тазалық барысында 150 еріктімен 8 техника қатысып жағалаудан 55 тоннаға жуық тұрмыстық күл қоқыстар шығарылды.
2024 жылдың көктем маусымынан аудан әкімі А.Қарсыбаевтың бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес «Таза Қазақстан» экологиялық санитарлық тазалықты қатаң сақтау мақсатында қала, ауыл және елді мекендерде 30750 ге жуық аудан тұрғындарымен мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен апта сайын тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, 576 тонна тұрмыстық қалдықтармен арам шөптерден тазаланды.
Шардара қаласы Шардара мектеп-лицейінде «Тәрбиелі жастар — қауіпсіз қоғам» атты форум өтті.
Форумға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әділханұлы, аудан прокурорының орынбасары С.Нұрахым, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, аудандық орталық мешіттің бас имамы М.Асанов және құқық қорғау саласының өкілдері мен жасөспірімдер қатысты.
Жиында алғаш сөз сөйлеген Бауыржан Қуанышбайұлы жастар тәрбиесіне қатысты шаралар мен жұмыстардың мән-маңызына тоқталып, Шардара ауданы спорт саласында үлкен нәтижелерге жеткенін алға тартып, чемпиондар мекені және жастардың тәрбиесі едәуір жақсы екенін атап өтіп, қылмыссыз аудан деген нәтижеге жету үшін баршаны жұмыла жұмыс жасауға шақырды.
Сондай-ақ, Шералы Әділханұлы сөз алып, қоғамдағы жастар арасындағы заңбұзушылық бойынша баяндама жасады.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бөлімінің 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі көрсетілген. Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тыныштығын, құқықтары мен бостандықтарын сақтау, полиция қызметкерлеріне жүктелген басты міндет, ал азаматтардың азаматтық борышы. Бүгінгі таңда, елімізде кәмілет жасына толмағандар арасында және оларға қарсы жасалынып жатқан қылмыстар тоқтамауда. Өздеріңізге белгілі жуырда ғана әлеуметтік желілерде кеңінен таралған Алматы облысы, Талғар қаласында орын алған құқық бұзушылық қоғамды дүр сілкіндіргенін білесіздер. Баршамызды толғандыратын, жастарымыздың денсаулығына өмір сүруіне қауіп — қатер тудыратын қылмыстардың алдын алу, оған тосқауыл қою – біздің парызымыз.»- деп, қатысушыларға қылмыстық әрекеттердің әшкереленуі бойынша бейнеролик көрсетілді.
Форумда Қыстау Ілесов, Марат Асанов сөз сөйлеп, жастардың тәрбиесі бойынша тұщымды пікірлер айтып, мысалдармен жасөспірімдерге рухани әңгімелер айтты.