Елімізде жастарды кәсіпке баулу, оларды жұмыспен қамтамасыз етудің нақты шаралары қабылданған. Жастарды бизнеске тартуда мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие қарастырылып келеді. Бұл жастарға деген үлкен мүмкіндік. Егер мұндай жобалар жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп жатса тіпті жақсы. Бұл орайда көп нәрсе жастардың өзіне де байланысты сияқты.
Міне, жастарды жұмыспен қамту мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облысы Арыс қалалық филиалы және қалалық мансап орталығы жақында қала жастарына еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге 17 мекемеден 37 бос жұмыс орындары жұмыс іздеушілер назарына ұсынылды. Аталған іс-шараға жалпы 53-ке жуық жастар қатысып, оның ішінде 2 адам жастар практикасына, 2 адам алғашқы жұмыс орны бағдарламасымен, сонымен қатар тұрақты жұмыс орнына 3 адам жұмысқа жолданды.
«Жастарға жұмыс» жобасы аясындағы еңбек жәрмеңкелері алдағы уақытта да жалғасын табатыны анық.
«AMANAT» партиясы Төлеби аудандық филиалы және аудандық Мансап орталығы да бірлесіп аудан жастарына еңбек жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Жәрмеңкеде «AMANAT» партиясының өкілі «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылы «Аманат» партиясы еңбек және халықты қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіткенін, аталған жоба шеңберінде еліміздің барлық жастарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, жылдың мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдікпен несие беру, тау-кен өнеркәсібінде жаңадан 2 мың жұмыс орнын ашу, жастарды ірі кәсіпорындарда тағылымдамадан өткізу сынды жұмыстар атқарылуда екенін айтып өтті.
Осылайша бұл іс-шара барысында «Жастар практикасына», «Алғашқы жұмыс» бағдарламасымен жастарға жолдама берілді.
Жұмысқа жолдама алған жастар ерекше көңіл-күйге бөленіп, жәрмеңкені ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді.
Осы тұста Төлебиде тірліктің көзін тапқан, жас болса да көпке өзінің іскерлігімен үлгі болып жүрген жастар көп екенін айтуға болады. Солардың бірі — Төлеби ауданы Тасарық ауылдық округіне қарасты Оңтүстік елді мекенінің тұрғыны жеке кәсіпкер Ахылбеков Құдабек 0,50 га үй іргелік жеріне танқурайдың «Атлант» түрін еккен.
Өңірдің топырақтық-климаттық жағдайы бүлдірген мен таңқурай секілді түрлі жеміс-жидектерді өсіру үшін өте қолайлы болғандықтан, елді мекен тұрғындары үй іргелік жерлеріне көкөніс, жеміс-жидек егуде.
Таңқурайдың «Атлант» түрінің ерекшелігі: жемістері ірі әрі жоғары сортты өнім береді. Салмағы бес грамнан сәл асатын ірі, тығыз жидектермен ерекшеленеді, бұтақтарда ұзақ уақыт бойы бұзылмай тұрады. Олардың тәтті және қышқыл дәмі, нәзік, шырынды целлюлозасы бар, жаңа піскенде жеуге, сондай-ақ өңдеуге және мұздатуға жарамды.
Жеке шағын кәсібін қолға алған азаматтар маңдай терімен өз ауласына егіп, күтіп, баптап өсірген жидектерін елді мекендегі сауда орындарына өткізуде. Бұған қоса түрлі тосаптар, мармелад мен табиғи шырындар дайындайды. Арнайы кондитерлік өнім дайындайтын кәсіпкерлерге өткізіп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Тамаша дәмі мен жемісінің нәзік, тәтті хош исін бағалайтындар кәсіпкер үйін арнайы іздеп келіп, алқаптан таңқурайды теріп алады. Піскен таңқурайдың теруге көршілері, округ тұрғындары да көмек беріп, күн ара 80 кг өнім жинауда.
Қалай айтсақ та төлебилік Құдабектің осынау кәсібі жұмыссыз жүрген жастарға ой салып, үлкен бір іске жетелейтіні анық.
Шілде айының 23-і күні Мемлекет басшысының «Жастарға жұмыс» жобасы аясында Түлкібас аудандық Мансап орталығы мен «AMANAT» партиясы бірлесе ұйымдастырған жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкеге 25 жұмыс беруші мекемелерден 49 бос жұмыс орындары ұсынылды. Оның ішінде білім саласынан 18, денсаулық сақтау саласынан 11 бос жұмыс орны және басқада салалардан 20 бос жұмыс орындарына сұраныстар болды.
Аталған іс-шараға 40-қа жуық жұмыс іздеуші азаматтар қатысып, 11 азаматқа тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастар ішінен 4 азамат бос жұмыс орындарына, 2 азамат жастар практикасы бағдарламасымен жұмысқа жолданды.
Жалпы алғанда дәл осындай жастарға арналған жәрмеңкенің арқасында жұмысқа жолданып, екі қолға бір күрек тапқан жандар жетерлік. Мысалыға, 2023 жылдың 1 — наурыз күні “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен жұмыссыз боп тіркелген Түлкібас ауданы Састөбе кентінің тұрғыны Берік Тілепбергенов “Нуртаева К.С.” жеке кәсіпкерлігіне таразышы мамандығына жұмысқа жолданған болатын. Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда.
Осы тұста “Алғашқы жұмыс орнына“ — еңбек өтілімі болмаған, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алатындығын айта кету керек. Яғни, алғашқы жұмыс орны бағдарламасы — мансабыңызды бастауға керемет мүмкіндік.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданы, Мыңбай ауылының тұрғыны Әйгерім Абилдабекова 2023 жылдың 6 — наурызы күні “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, Түлкібас аудандық ауруханаға фельдшер мамандығына жұмысқа жолданған болатын. Қазіргі таңда тиісті сол ауруханада абыроймен еңбек етіп жүр.
Ағымдағы жылы 100 адам жұмысқа жолдауға жоспарланса. Бүгінгі таңда 64 адам өз жұмыс орындарын тапты.
Мысалы, Бердалиев Ғалымжан 2023 жылдың қазан айында «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында “Мемлекеттік қайтарымсыз грант” алған болатын. Қазіргі таңда бизнес жобасына сәйкес “Балық өсіру” кәсібін өрбітіп отыр.
Жастарды жұмыспен қамтуға арналған жәрмеңкені «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалы және аудандық Мансап орталығы да ұйымдастырды.
Жәрмеңкеде «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Қ. Сыздықов «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Аманат» партиясы Еңбек және халықты қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіткенін, аталған жоба шеңберінде еліміздің барлық жастарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, жастарды ірі кәсіпорындарда тәжірибиеден өткізу сынды жұмыстар атқарылып жатқанын атады.
Аталмыш жәрмеңкеге 24 мекемеден жалпы 76 бос жұмыс орындары халық назарына ұсынылды. Іс-шараға қатысқан жалпы 100-ге жуық жастың, оның ішінде 20-сы Жастар практикасымен жұмысқа жолданды.
Өз кезегінде жұмысқа жолдама алған жастар ерекше көңіл-күйге бөленіп, жәрмеңкені ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.
Айта кетейік, «Жастарға жұмыс» жобасы аясындағы еңбек жәрмеңкелері алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қалай айтсақ та жастарды еңбекке баулу, жұмыспен қамту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Себебі, еңбекпен өскен жас әр нәрсенің қадірін біледі. Мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңған соң, құндылыққа ден қояды. «Адамды адам еткен – еңбек» дегенді ескерсек, еліңнің азаматы болу үшін әуелі адам болу керексің. Ал, бойдағы артық міннен арылтып, адамдыққа тәрбиелейтін – осы еңбек.
Фото: Талғат Танымбаев, Асылхан Сейдахмет