Тәуелсіз еліміздің кішкене ғана ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге еніп келеді. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз.
Дін мен жастар, бір қарағанда, үйлесімсіз ұғымдар болып көрінетін сияқты, соңғы кездері жастар рухани емес материалды артық көреді. Олардың ұрандары: «Инстаграмда миллион табамын!», «Оқырман саны көп болса, мен соғұрлым мықтымын!», «Тик-Ток – біздікі!».
Бірақ жастардың санасында қандай ағым жетегінде жүрсе де, қай мәдениет пен өркениеттің негізі дін екенін мойындамау мүмкін емес. Біздің көпшілігіміз Құдайға сенеміз, ол Алла, Христос, Будда, Кришна түрінде болсын… Кез келген жас жігіт немесе қыз өмірінде кем дегенде бір рет қатты қорықса, «О, Құдай» деп айтып жатады. Қалай болғанда да, бұл аз болса да, «дінге» деген сенімнің бір түрі.
Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Ұлмекен Перден жастардың әлеуметтік дамуда маңызды рөл атқаратынын және жастардың азаматтық өмірде позитивті қатысуын ілгерілету ортақ жаһандық күн тәртібі болып табылатынын айтады. Қазіргі қоғамдық даму жағдайында жастарға әртүрлі факторлар әсер етеді, оның ішінде жастардың өмірінде дін маңызды рөл атқара бастағанын атап өткен жөн. Дін сәнге айналуда деген көзқарастарды кездестіріп жатамыз. Жастар өмір жолының басынан-ақ еңбексүйгіштік, мейірімділік, әдептілік, адалдық, төзімділік, адамгершілік сияқты жалпыадамзаттық негізгі құндылықтарды зәру етеді. Дін – адамның кемел тұлға болып өсуіне, өмірде қалыптасуы мен жетілуіне дағдарыстарға, сәтсіздіктерге, дау-дамайларға психологиялық және моральдық тұрғыда қарсы тұруға көмектесетіні белгілі.
Қазіргі қоғамда әлем дін мен саясаттың тоғысқан жерінде қарқынды өзгерістерді бастан кешіруде. Белгілі бір жағдайларда бұл өзгерістер діндер ішіндегі ауысулардан туындаса, басқаларында әлемдік аренадағы саяси субъектілер арасындағы күш тепе-теңдігінің өзгеруі, заңнамалық жағдайлар, соғыс немесе басқа сілкіністер арқылы туындап жатады.
Қоғамдағы дағдарыс кезеңдерінде діннің адамдардың әлеуметтік және жеке өміріне әсері күшейіп, олардың діни және діни емес наным-сенімдерінің шеңбері кеңейеді. Ислам дінін дұрыс ұстанбау көріністері әртүрлі формада және әртүрлі себептермен көрінуі мүмкін. Мұндай көріністер көбінесе дінді терең түсінбеуінен, сыртқы факторлардың немесе әлеуметтік қысымның әсерінен болатындығын ескеру маңызды.
Түркістан облысы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Ұлмекен Перден Ислам дінін дұрыс ұстанбау көрінісін сипаттайтын бірнеше аспектілеріне тоқталады:
- Эмоционалды және импульсивті міндеттеме. Кейбір жастар исламды эмоционалды күйзелістердің, әлеуметтік қысымның әсерінен немесе топқа кіруге деген ұмтылыстың әсерінен қабылдауы мүмкін. Нәтижесінде, олардың дінге деген сенімі, ұстанымы ислам принциптерін терең түсінуге емес, сезімге негізделген болуы мүмкін.
- Экстремистік идеологияларды ұстану. Жас мұсылмандар радикалдануға ұшырап, экстремистік немесе террористік ұйымдарға қосылу жағдаяттарын жиі байқап жүрміз. Бұл олардың сезімдерін манипуляциялаудың нәтижесі болуы мүмкін, әсіресе егер олар ашуланса, ренжісе немесе әділетсіздік сезінсе. Қазірде осы аспекті үлкен белең алып тұр. Әлеуметтік желінің қазіргі уақыттағы үлкен өзектілігін атап өте отырып, соның салдарынан мәні жоқ дүниеге сеніп, тура жолдан адасып жатады. Мәселен бір ай бұрын желіде қызу талқыға түскен, қара никаб киіп, «Ауғанстанға аттанамыз!» сөзімен елді дүрліктерген арулардың видеосын алуға болады. Еліміздің мемлекеттік рәмізін жамылып, әдемі әуен қосып, түсірілген видеоның таралу ауқымы аз ғана уақыт ішінде үлкен резонанс туғызып, бейнесюжет тіптен Ауғанстан мемлекетіне жеткені қазіргі әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянын қатар көрсетіп тұрғандай.
- Ішкі мағынасы жоқ сыртқы көріністер. Жас мұсылмандар діндарлықты киім немесе белгілі бір рәсімдер сияқты сыртқы атрибуттар арқылы терең мағынаны салмай көріп жатады. Бұл мінез-құлық хиджаб киюді, ораза ұстауды т.б. қамтуы мүмкін. Осы тұста хиджабты бір шүберек матадай қарап, қор қылып жүрген жандар жетерлік.
- Әлеуметтік қысым және сәйкестікті іздеу. Көп мәдениетті қоғамдарда жастар өздерінің жеке басын және әлемдегі орнын табуға тырысып, исламды қабылдап немесе діндарлықты қарқынды түрде көрсетіп жатады. Сонымен қатар, дінді дұрыс түсінбеуі әсіренен олардың діни тәжірибесі тұрақсыз болуы мүмкін.
- Ислам әлеуметтік мәселелерге реакция ретінде. Жастар депрессия, кедейлік немесе кемсітушілік сияқты жеке немесе әлеуметтік мәселелерден шығу үшін исламға жүгініп жатады. Дін туралы жетілген түсініктің болмауы олардың исламды ұзақ мерзімді рухани және моральдық өсудің үлгісі ретінде емес, проблемаларды уақытша шешу ретінде пайдалануына әкелуі мүмкін.
- Ілімдерді түсінбеу және бұрмалау. Білімнің жетіспеушілігі және сенімді білім көздеріне қол жетпеуі исламның мәні туралы түсініктердің бұрмалануына әкелуі мүмкін. Жастар діни мәтіндерді контекстен бөлек түсініп, дәлелденбеген дереккөздерді ұстанып жатады. Бұл дінді бұрыс түсінуге, қате бағытты қолдауға әкеледі.
Бүгінгі таңда қоғамда теріс бағыттағы діни ағымдардан сақтану үшін ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізу басым болып табылады. Жастар саясаты тұжырымдамасын толыққанды іске асыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, жастармен нақты, жоспарлы және тиімді жұмыс істеу қажет.
Теолог маман Рахманқұл Исматулла Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен бүкіл ел бойынша түрлі форматтағы іс-шаралар, дәрістер мен кездесулер өткізетін үш мыңға жуық маман ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын атқаруда екенін айтады. Бұл шаралардың барлығы қоғам арасында жастар, діндарлар, жұмыссыздар, сотталғандар, кәсіпкерлер, сауда және қызмет көрсету саласының қызметкерлері және т.б. санаттарына бағытталған. Осындай бас қосуларда азаматтарға еліміздегі конфессияаралық татулық пен келісімді қолдаудың маңыздылығы, деструктивті діни идеологияның қаупі түсіндіріліп, зайырлылық қағидаттарды құрметтеуге баулуда.
Қазіргі уақытта діни білім алам деушілерге елімізде бірқатар жағдайлар жасалған. Тіпті Нұр – Мүбәрак ислам мәдениеті секілді жоғарғы оқу орны, мешіттердің жанында сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Одан бөлек, дінтану, исламтану мамандықтары да еліміздегі бірқатар жоғарғы оқу орындарында гранттық негізде оқытылады. Бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде білім алуға жағдайлар жасалған, Білім және Ғылым министрлігі бұл салаға жыл сайын жеткілікті гранттар бөледі. Отандық дін мамандары мен зерттеушілер дін бағытында көптеген еңбектер шығаруда. Тіпті шетелде діни білім алам деушілерге де Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасымен ортақ әріптестік орнатқан жоғарғы оқу орындары баршылық. Міне, бұлардың барлығы да дін саласына қызыққан жастардың толыққанды білім алуына ыңғайлы орта қалыптастырып отыр. Сондықтан барлық сала секілді дін саласы да білімділік пен біліктілікті қажет етеді. ХХІ ғасырда шалалыққа, шалт басуға орын болмауы тиіс.
Жақында Жетісай аудандық «Жастар ісі» секторы және «Діни оқу-ағарту» бөлімінің ұйымдастыруымен діни сауат ашу курсында тәлім алушы шәкірттер арасында салауат айту сайысын ұйымдастырды.
Жарысты Жетісай аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Айдарбек Садықов ашып, Алла Елшісі (с.а.с) өмірі жайлы насихат жасады. Сайысты сектор маманы Ә.Болат пен бөлім маманы И.Байжанов бағалап, салауат айтудың сауабының молдығын тілге тиек етті. Сайыс соңында барша қатысушыларға ауданның бас имамы Айдарбек Болысұлы алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыстады.
Сондай-ақ, Түркістан облысы Жетісай аудандық «Нұғман» мешіті «Діни оқу-ағарту» бөлімінің жоспарына сәйкес ауданымыздағы жас дін қызметкерлері мен ұстаздардың ұйымдастыруымен жазғы діни сауат ашу курсында тәлім алған шәкірттер арасында Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан сайыс өткізілді. Жарыс Құранның 30-шы парасы, жарты пара және 10 сүре оқудан ұйымдастырылды. Жетісай аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамы Айдарбек Садыков сайысты ашып, шәкірттердің Құранды оқудағы грамматикасын, жаттау қабілеті мен қырағаттарын тексеруде төрағалық етті.
Жарыс соңында бас имам Айдарбек Болысұлы алдыңғы қатардан көрініп, орын иеленген шәкірттерге алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыстады.
Иә, қалай айтсақ та жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселелерді жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеуіміз керек.
Фото: Jambyl-Taraz