Бұл аудан әкімдігінің идеологиялық бағыттағы жұмыстарының нәтижесін көрсетсе, екіншіден жастарға деген қамқорлықтың бұл аймақта жоғары екенін білдіреді. Одан бөлек аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мемлекеттік жоспарлар мен бағдарламалар аясында түрлі тақырыптар бойынша жастармен жиын-кездесулер ұйымдастырып, іс-шаралар өткізіп, үлкен іс тындырды. Атап айтқанда, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданның барлық аумақтарында тазалық жұмыстары қолға алынып, оған өңірдің барша белсенді жасы атсалысты. Бұл акция жыл соңына дейін жалғасын табады. Қара күзге қарамастан қазірдің өзінде әр сенбіде ауданда тазалық жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Мәселен, жуырда ауыл-ауылда ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл жұмыстарға жастар да белсене қатысты. Сонымен бірге биыл саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында аймақта түрлі спорттық іс-шаралар өткізілді. Жастар сол жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Сондай-ақ жастарды имандылыққа үндейтін, құқықтық сауаттылығын көтеретін жобалар мен кездесулер де тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған қатысқан жастар өздеріне керекті көптеген пайдалы кеңестер алды. Өйткені бүгінгі қоғамда қылмыс пен құқық бұзушылық күрделі мәселенің бірі болып тұрғаны жасырын емес.
Жуырда «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Жаңабазар ауыл округіне қарасты «М.Әуезов», «Қарабастау», «Тілектес» атындағы жалпы білім беретін мектептерінде, балалардың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың алдын-алу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары негізінде кәмелетке жасы толмаған жасөспірімдер арасында ерте жүктілік пен жыныстық бағыттағы қылмыстың алдын-алу мақсатында семинар-тренингтер болып өтті. Жұмыс тобы мүшелерінің құрамында Қазығұрт АПБ инспекторы Б.Кенжалиев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары М.Абдуллаева, «Жастар орталығының» жастар практикасы бойынша психолог маманы К.Аружан болды.
Биыл жастар саясаты бағытында көп жұмыстар атқарылды дедік. Мәселен, «Жастар ресустық орталығы» КММ-нің жылдық жоспарына сәйкес, аудандағы барлық мекемелермен атап айтқанда; аудандық білім бөлімі, АПБ, АОА, №11 колледж, пробация бөлімшесі, «Мансап» орталықтарымен меморандумға қол койылды. Жыл басынан бері жоспарға сай құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша «Қылмыссыз мекен» тақырыбында барлық ауыл округтерде 51 рет түнгі рейдтер өткізілді. Рейд барысында үй жайынан тыс түнгі мезгілде ата-ананың қарауынсыз жүрген 139 жасөспірім анықталып, хаттама толтырылды. Ерте жүктіліктің алдын алу бойынша, аудандық әжелер алқасы, «Ақ жүзік» қыздар клубының мүшелері, әкелер мектебінің мүшелері, ауыл билері, имамдар, психолог мамандардың қатысуымен №11 колледж студенттерімен аудандық білім бөліміне қарасты барлық мектептерде «Қызға қырық үйден тыйым», «Өз өмірің өз қолыңда» тақырыбында 77 рет кездесу мен семинарлар өтті.
Осы орайда жуырда Түркістан облысы жастарының 2024 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша «Үйлестіру кеңесі» өткенін айта кетелік. Жиында «Талдау, мониторинг және әлеуметтік зерттеулер» бөлімінің басшысы Мейірбек Дінмұхаммед жұмыстардың көрсеткіштері мен бөлімнің атқаратын негізгі міндеттері және орындалу деңгейін баяндады. Ал «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің басшысы Дінислам Бимахамбет «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», қоғамдық жұмыстар, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы, «Серпін – 2050» тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру, олардың мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіру бойынша атқарылған жұмыстарды және NEET жастарымен жұмыс жүргізу нәтижелері туралы баяндама жасады.
«Талантты жастарды қолдау» бөлімінің басшысы Бағлан Бердібек талантты жастарды қолдауға арналған бағдарламалар мен биылғы жылғы жүзеге асырылғанын жобаларға кеңінен тоқталды. Ол өнер, ғылым, спорт және басқа да салалардағы жас дарындарды қолдау бағытындағы атқарылған іс-шаралар жөнінде айтты. «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлім басшысы Гүлнұр Кипчакбаева психологиялық көмек көрсету үшін атқарылған негізгі шараларды атап өтіп, оның жетістіктер мен кемшіліктерді талдады. Сондай-ақ жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында апта сайын түнгі рейдтік шаралар туралы баяндады.
Қазығұрт ауданында облыс көлемінде қолға алынған іс-шаралар толық ұйымдастырылған. Айталық, 2024 жылы талантты жастарды қолдау бойынша Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ер есімі – ел есінде сақталады мәңгіге» тақырыбында Ауған соғысы ардагерлерімен жастардың кездесулері өткізіліп, патриоттық көріністер көрсетілді. Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында Neet санатындағы жастардың қатысуымен «Спорт денсаулық кепілі» тақырыпта кіші футболдан аудандық жарыс өтті. Сондай-ақ, ауылдық аймақтарда талантты жастарды қолдау бойынша қазақтың ұлттық ойыны асық ату, арқан тарту, ләңгі тебу салт-дәстүрлерді дәріптейтін шаралар өтті. «Түркістан облысына қарасты аудан, қалалық жастар ресурстық орталығының психолог мамандарының арасында тәжірибе алмасу мақсатында «Психология ғажайып әлем» тақырыбында облыстық семинар, «Нашақорлық қоғам дерті», «Лудомания қоғам дерті» тақырыптарында спорттың волейбол, кіші футбол, эстафеталық жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің Өгем тауында орналасқан «Жастар шыңы–2024» атты саяхат және Халықаралық жастар күніне орай, «Жастар жарқын болашақ» тақырыбында талантты жастарды ынталандыру мақсатында мерекелік іс-шаралар, «Бақытты отбасы» атты жас отбасылар арасында эстафеталық жарыс ұйымдастырылды.
«Мұндағы мақсат – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және кеңінен насихаттау, түрлі салада білімімен, талантымен, белсенділігімен топ жарған жастарды қолдау, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, бос уақыттарын тиімді пайдалану болып табылады»,– дейді Қазығұрт аудандық жастар ұйымының басшысы.
Облыс орталығында өткен кеңес барысында Ернар Нұралыұлы аудан, қала жастар ресурстық орталықтары басшыларының бюджеттік қаржыларды тиімді жұмсау мәселесін көтерді. Өткізілетін шараларға бөлінген қаржының мақсатты пайдаланылуын қадағалау және осы қаржыға қандай іс-шаралар ұйымдастырылғаны туралы есеп беру тапсырылды. Және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, білім беру және әлеуметтік қолдау бағытында жұмыстарды күшейту керектігін тапсырды. Сонымен қоса «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша да ұсыныстар айтып, жастарды экологиялық жобаларға тартуды, табиғат қорғауға байланысты шараларды өткізу қажеттігін атап өтті. «Бұл жастардың қоғамдағы жауапкершілігін арттыруға және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастама», – деді. Сонымен қатар кеңес барысында аудан, қалалық жастар орталығының басшыларына жастармен жұмыс жүргізу, өңірдегі жастар саясатын жетілдіру мақсатында нақты тапсырмалар мен ұсыныстар айтылып, осы жұмыстарды үйлестіру мақсатында қаржы және ресурстарды тиімді бөлу, жаңа бағдарламаларды іске қосу мәселелері талқыланды.
Бұл ретте ауданда экологиялық бағытта қолға алынған тазалық акциялары жетерлік. Мәселен, ресурстық орталықтың жанында «Ерікті болу ерлік», «Жігерген жақұттары» атты еріктілер клубы ашылып, клубтың 13 ауыл округі филиалдарында 180 ерікті жұмыс атқарып келеді. «Таза Казақстан» акциясы аясында Казығұрт ауданы бойынша барлық ауыл округтерде 92 рет сенбілік өткізіліп, 5070 жас қатысты.
Фото: Qaz365.kz