Шынында жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе. Болашағымыз деп үміт артқан жастарымыздың дені ғаламтордың шырмауынан шыға алмай жатқаны да көңіл құлазытпай қоймайды. Ал спорт ел ертеңі саналатын өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан жаңғыруына жол ашады.
Осы тұрғыда Төлеби ауданының орталық «Нұр» мешіті мен “Жастар ресурстық орталығы” КММ және “Ихсан” қайырымдылық ұйымының ұйымдастыруымен кезекті аудан жастары арасында кіші футболдан қайырымдылық турнирі өтті.
Турнирдің ашылуына қатысқан ауданның бас имамы Үсен Саурбаев пен аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Беглан Мақұлбек достықты нығайту, салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған спорттық сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жастарды қоғам өміріне белсене араластыру және ең бастысы, қайырымдылық жасауға шақыру мақсатындағы турнир ережесіне сәйкес жеңімпаздарға берілетін ақшалай сыйақылардың барлығы қайырымдылық шарасына арналады.
Турнир қорытындысы бойынша жалпы қатысқан 10 команданың ішінде үлкен кубок – «S8 group» командасына, кіші кубок – «Zertas united» командасына бұйырды. Осылайша 3-орын «NS Show» командасы иеленсе, “Ақбұлақ” командасы 4-орынға табан тіреді.
Ал, Түркістан қаласындағы жаңадан салынған ескек есу каналында триатлоннан элиталық және жастар арасында Азия кубогы мен ел кубогы сарапқа салынды. Тартысты өткен сайысқа Сингапур, Иран, Белоруссия, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен қатар Қазақстаннан барлығы 36 спортшы қатысып, бас жүлдеге таласты. Екі сынақ бойынша өткен жарыста жастар және элиталық болып бақ сынасты.
Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жеңісімен құттықтап, марапаттады.
Сайыс қорытындысында элиталық жарыс бойынша ерлер арасында Белоруссия үміті Микита Катсиянеу қара үзіп, дара шығып, бас жүлдені иеленді. Ал Қазақстанның намысын қорғаған Темірлан Теміров 2-орында болса, өзбекстандық Жереми Хуиндос үштікті қорытындылады. Сондай-ақ элиталық әйелдер арасында өзбекстандық Алина Хакимова 1-орынды иеленсе, 2-орыннан Германия елінің өкілі Софие Гиевманн көрінді. Ал сингапурлық Лоуиса Мария Миддледич 3-орынмен келді.
Жастар арасында үш орынды да Отандастарымыз иеленді. 1-орын Али Жанат, 2-орын Қуаныш Бекенов, 3-орын Никита Дубинскаяда. Ал қыздар арасында да үш орынды да қазақстандық арулар еншіледі. Атап айтсақ, 1-орын Диана Ержанова, 2-орын Анель Исабаева, 3-орын Юлиана Петроваға бұйырды.
Сондай-ақ, жақында Албания мемлекетінің Тирана қаласында таеквондодан «Albanian Open G1» рейтингілік халықаралық турнирі өтті. Турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте үздіктер қатарында болды. Ортақ жеңіске Түркістан облысының спортшылары да қомақты үлес қосты.
Халықаралық жарыста ел намысын қорғап, жеңімпаз атанған спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде еншіледі. Дүбірлі сында 87 келіде Нұрлан Мырзабаев бірінші орын алса, 63 келідегі Аманбол Бегімбетов пен 74 келіде бақ сынған Мақсат Орынбасар күміс медаль жеңіп алды. Ал Әзірет Дүйсенбек (58 келі) мен Асқар Өтеген (63 келі) қола медаль еншіледі. Спортшыларды білікті бапкер Ренат Құралбаев баптады.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданы прокуратурасының үйлестіруімен есірткі затының заңсыз айналымының алдын алу мақсатында «Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда» ұранымен «Нашақорлықа жол жоқ» атты акция өтті.
Аудан прокуратурасы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен ересектер (ерлер мен әйелдер) арасындағы жалпы халықтық жүгіру марафонына Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков пен аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, 500-ге жуық аудан тұрғындары қатысты.
Жас ерекшелігіне қарай 18-30 жас аралығындағы қатысушылар 3,5 шақырымды, 31-45 жас аралығындағы қатысушылар 3 шақырымды, ал, 45 және одан да жоғары жастағы қатысушылар 2,5 шақырымды бағындырып, көпшілікке үлгі көрсетті.
Аудандық полиция, денсаулық сақтау және спорт мекемелерінің атсалысуымен жоғары деңгейде аталып өткен шараның қорытындысы бойынша 18-30 жас аралығындағы ерлерден ІІІ орынды Азамат Шымыр алса, ІІ орын Толқын Жамурадовтың, І орын Елдос Базарбайдың, ал, қыз-келіншектер арасында ІІ орын Толқын Шүкірбайдың, І орын Жанар Бектастың еншісіне бұйырды.
Сонымен қатар 31-45 жас аралығындағы қатысушылардың ішінде ІІІ орынды Мадияр Айдаров еншілесе, ІІ орынды Әбілқасым Төлентай, І орынды Бекзат Бахтияр, әйелдер арасында ІІІ орынды Динара Умирова, ІІ орынды Назерке Байсейтова, І орынды Гүлмира Мыңжасарова иеленді.
Ал, +45 жас аралығындағы 2,5 шақырымдық мәрені бірінші болып Жексенбай Налтаев кесіп өтсе, ІІ орын Сухроб Орзуевтың, ІІІ орын Марат Ашимовтың, әйелдер арасында ІІІ орын Алтма Тұңғышбаеваның, ІІ орын Гулайм Абдукасимованың, І орын Гүлнар Мұсабекованың қанжығасына байланды.
Марафон соңында жеңімпаз желаяқтар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдары мен медальдарына, бағалы сыйлықтарына ие болды.
Сондай-ақ, Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында пауэрлифтинг спортынан өткен Азия чемпионатында шардаралық қос спортшы Азия чемпионы атанып, ел мерейін үстем етті. 59 келіде Қазыбек Тұрғанбай қарсылас шақ келтірмесе, 66 келіде сынға түскен Мыңтемір Бақытұлы алтын медаль алды. Спортшыларымыз жеңіске жетіп қана қоймай, спорт шебері атағына ие болды.
Ал, Сауран ауданының құрылғанына 3 жыл толуына орай волейболдан қыздар арасында «Sauran Cup» халықаралық турнирі өтті. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеге еліміздің облыс-қалаларынан және өзбекстандық бұрымдылардан құралған жалпы15 команда сынға түсті. Тартысқа толы турнир 2 күнге жалғасты. Нәтижесінде 1-орынды Сауран ауданының жастары иемденсе, күміс медаль Жамбыл облысының аруларына бұйырды. Ал, үздік үштікті Шымкент қаласының жастары қорытындылады.
Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров спортшы қыздарға алғысын айтып, үздіктерге алғыс хаттар мен арнайы кубок, медальдарды табыстады.
Түркістан облысының құрылуына 6 жыл толуына орай, Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен волейболдан қыздар арасында Түркістан облысының VI спартакиадасы өтті. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өткен байрақты бәсекеге Шардара, Келес, Бәйдібек, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас, Түркістан, Отырар, Мақтаарал және Жетісай аудандарынан келген 10 командада 100-ге тарта спортшы өзара мықтыны анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі ІІІ орынға Сайрам ауданының құрамасы табан тіресе, ІІ орын Жетісай ауданының бұрымдыларына бұйырды. Ал, жүлделі І орынды Шардара ауданының құрамасы алып, чемпион атанды. Сондай-ақ өзінің шапшаңдығымен және ептілігімен көзге түскен Сайрам ауданы құрама командасының спортшысы Махми Жұмантаева спартакиаданың «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды.
Жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар бағалы сыйлықтарымен және арнайы дипломдармен марапатталды.
Фото: Nur.kz