Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы аясында елімізде іске асырылатын жобалар жөнінде айтылды. Сонымен қатар, 6 қазан күні өткелі отырған республикалық референдумға жастарды белсенді қатысуға шақырды.
Жиында «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман мен Қазақстан студенттері Альянсының облыстық өкілдік төрағасы Дінмұхаммед Үмбетұлы Мемлекет басшысының әрбір бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін қабылданған маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен саяси құжаттардың жалғасы ретіндегі бұл Жолдау облыс жастарына ерекше серпін бергендігін айтты. Кездесу соңында жастар өз сауалдарын қойып, пікір алмасты.
— Түркістан облысының белсенді жастары мен еріктілердің қатысуымен Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Бірқатар белсенді жастар мемлекеттік маңызы бар құжат туралы баяндама жасап, өз пікірлерін ортаға салды. Кездесуде мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдау мен Президенттің бастамасымен жүзеге асып отырған «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігі жөнінде де сөз қозғалды. Тұшымды ой-пікір айтылып, сұрақтарға жауап берілді, — дейді бұл жөнінде Мәлік Нұржанұлы.
Бұдан бөлек, Мәлік Нұржанұлы кітапхананы аралап көрді. Заманауи технологиялармен қоса, биылғы жылы оқырман игілігіне берілген Мархабат Байғұт және Өзбекәлі Жәнібек залдарымен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң пікірін білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Кітапхана директоры Жанат Шардарбекова құрметті қонаққа кітапхананың төл туындысы Өзбекәлі Жәнібек туралы мақалалар жинақталған «Арда туған Өзағаң» кітабын және «Түркістанның туристік нысандары», «Түркістан» энциклопедиясы сынды бірнеше кітапты сыйға тартты.
Ал, Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен “Лудомания — қоғам дерті” атты облыстық семинар тренинг ұйымдастырды.
Семинар-тренингке Түркістан облысына қарасты 17 аудан, қаланың “Жастар ресурстық орталығының” басшылары және жалпы орта мектептерінің өкілдері, ОАОО психолог мамандары, Кентау қаласының жастары қатысты.
Екі кезең бойынша өткен жиында қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Сұлтан Азат модератор болды. Алғы сөзді алған Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова лудоманияның салдары мен оның алдын алу бойынша ойымен бөлісіп, елдің жарқын болашағы білімді, еңбекқор жастардың қолында деп түйіндеді.
Семинарда тәуелді жастар мен олардың туыстарына кәсіби көмек көрсете алатын мамандардың жеке тәжірибе негізінде арнайы техникалар, әдіс тәсілдер, тәжірибелік дағдыларды үйретіп, пікір алмасу болды.
Түркістан облысы бойынша филиал директоры, мемлекеттік басқару магистрі, өзіндік даму коуч тренер Айнұр Идирисова, экономикалық тергеп тексеру департаменті екінші жедел басқармасының аға жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай, педагогика ғылымдарының магистрі практик психологы Айсұлу Тұрсынбаева әр бағыт бойынша жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қатысшулармен пікір алмасты.
Екінші кезеңде 6 бағыт бойынша командалық жарыс өткізілді. Онда: ерте жүктілік, нашақорлық, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау, алаяқтық, лудомания тақырыптары аясында сауалдарға жауаптар берілді.
Жарыс аяқталған соң лудоманияға тап болған кейіпкермен ашық әңгіме жүргізілді. Семинарда спикерлер тарапынан қорытынды сөз сөйленіп, қатысқан қонақтарға сертификат табысталады.
Сондай-ақ, Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастар әлемі» іс-шарасы өткізілді.
Жиында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Е. Бектаев пен қалалық ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы С. Бақытұлы жастарға серпін берер алғы сөздерімен бөлісті.
Кездесуде «Жастар әлемі» атты ОАОО-ның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп жүрген мекеме қызметкерлері мараптталып, қала әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды.
Мұндағы мақсат — жастар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру және алдағы уақытта атқаратын жұмыстарға белсенділіктерін арттыру болатын.
Шара соңы жастардың рухын көтеретін әндер шашуға ұласты.
Сондай-ақ Сайрам ауданындағы Қ. Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі, аудан прокуратурасы, аудандық полиция басқармасының бірлесуімен «Нашақорлық — қоғамның қасіреті, Болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет» атты форум өтті. Аталмыш іс-шараға аудан прокуроры Даулет Тлемисов, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Сайрам Ауданының Полиция Басқармасының бастығы Мұрат Ермеков, ақсақалдар, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ауыл округ әкімдері, білім саласының кызметкерлері, мешіт имамдары, спортшылар және белсенді жастар қатысты.
Жастардың бойын нашақорлықтан аулақ ұстауға арналған шарада аудан прокуроры Даулет Тлемисов өз кезегінде форумға қатысушыларға нашақорлықтың денсаулығымызға қасақана зиян келтіріп қана қоймай, сонымен қатар, есірткі заттарын заңсыз сақтау, дайындау және тарату кез келген азамат үшін қылмыс екенін айтып, сондықтан жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді.
Сайрам аудандық полиция басқармасының басшысы Мұрат Ермеков өмірде өздерінің болашақтарын ойлаған, алдарына мақсат-бағдар қойып, жақсы белестерге жетеміз деген жастар есірткіден бойларын аулақ ұстауы керектігі туралы өз ойын білдірді.
Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов: — «Қазіргі таңда нашақорлық болашағымызға қауіп төндіріп отырған індет. Адам денсаулығын бұзып, сананы улайтын аталмыш затқа әсіресе жастар мен жас балалардың әуес болуы үлкен алаңдатушылық туғызады. Сол себепті жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін бүгінгідей іс-шараларды жиі өткізу — басты борышымыз» — деді.
Бұдан соң, аудан тұрғындары және жалынды жастар арнайы тақырыпқа сай дайындалған әлеуметтік бейнероликті тамашалады.
Басқосу барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Есалиев және бүгінде спортты жанына серік етіп, аудан мерейін үстем етіп жүрген спортшыларымыздың бірі, Әйелдер күресінен 2 дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Ақбота қозғалған тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салды.
Айналамызда дені сау, ұшқыр ойлы, ұлағатты ұрпақтарымыздың санын арттырып, ғасыр дертімен бірге күресуге шақыратын шараның соңы рухты жігерлендіретін ән-жырмен жалғасты.
Фото: Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі