«Жастар практикасы» бағдарламасы колледж және ЖОО-ның түлектері үшін оқыған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін мол мүмкіндік бере алады.
Биыл Түркістан өңірінде «Жастар практикасы» жобасына, 4514 адам жолданған. Аталған жоба бойынша жалақы мөлшері 30 АЕК-ті (110 760 тг) құрап, мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.
Сондай-ақ жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болған жағдайда «Жастар практикасына» қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Бағдарламаның талаптарына тоқталсақ, «Жастар практикасына» қатысушының жасы 35 — тен аспауы тиіс, сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы тиіс.
Биыл Түркістан облысы бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 47,6 мың жастарды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен нақты 78,8 мың жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды.
Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жіберіліп, жалпы 10 829 адам тұрақты, ал қалған 11 752 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды.
Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Биылғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттауды тапсырды. Осы бағыттағы жұмысты талқылау мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Оған Облыстық білім басқармасының жауапты тұлғалары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің директорлары қатысты.
«Біз бүгін атқарылған жұмыстарды пысықтап, мәселелерді ашық ортаға салу үшін жиналдық. Проблемалардың шешу жолдарын бірге қарастырамыз. Сіздердің ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды. Бұған дейін инфрақұрылымды ретке келтіру, қауіпсіздікті күшейту шараларын жүйеледік. Заң бұзушылық әрекеттерге тосқауыл қойдық. Облыс колледжеріне бөлінген 15 500 гранттың игілігін жастар көруі үшін насихатын күшейтіп, оқуға қабылдауды іске асырдық. Ендігі кезекте стратегиялық бағыттан айнымай, жұмысшы маманықтардың мәртебесін арттыруға басымдық беріп, жаңашыл әрі тың бастамалармен жүзеге асыруымыз қажет. Оқу бағдарламасында заманауи технологияларды интеграциялау өзекті. ІТ, робототехника, жасанды интеллект секілді бағыттарды енгізген жөн. Колледж басшылығы өндіріс орындарын серіктестікке тарту керек. Бұл студенттерге өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беріп ғана қоймай, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес маман даярлауға ықпал жасайды. Білім беру жүйесінде кәсіпкерлік қабілеттерді шыңдауға көңіл бөліп, стартап мәдениетін қалыптастыру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларға бейімдей аламыз. Әсіресе аудан, қала әкімдерінің инвестициялық жобаларына қажетті кадрлар даярлау маңызды. Қайталанатын мамандықтарды қысқартып, жаңа мамандықтарды ашуды қолға алайық. Сіздердің ұсынымдарыңызды күтемін. Сонымен қатар студенттерді ағылшын тілін меңгеруге бағыттаңыздар. Креативті жаңа инновациялық жобаларды жандандыруға тиіспіз,» – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Облыстық білім басқармасының орынбасарлары колледжердегі білім беру жүйесі, жүргізілген зерделеулер және проблемалық мәселелер, жылу маусымына дайындық жұмыстары және өзге мәселелер жайлы сөз сөйледі.
Жиында облыс әкімінің орынбасары басқарма басшылығы мен директорларға бірқатар тапсырма жүктеді. Жұмысшы мамандықтар жылына орай іс-шаралар жоспарын әзірлеу, қаржыландыру және инвесторлардың жобаларын заң аясында қарастыру, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, колледждер базасында ІТ орталықтарды ашу, WorldSkills чемпионатына дайындықты пысықтау, тәрбие жұмыстарын күшейту, қажетті құрал-жабдықтармен қамту, бейнекамераларды жедел басқару орталығына қосу міндеттері сапалы орындалады. Мәжіліс қатысушылары Сауран ауданындағы өндірістік паркіне барып, жобалармен танысты. Ондағы мамандармен тілдесіп, пікір алмасты.
Айта кетейік, Түркістан облысында 50 колледж бар. Оның 28-і мемлекеттік болса, 22-сі жекеменшік. Оқу орындарында 75 мамандық бойынша 45 мыңнан астам студент білім алуда. Колледж қызметін бағалау 12 критерий, ал рейтингі 3 бағытқа сәйкес тұрақты жүргізіледі. PISA-2023 халықаралық зерттеу нәтижесінде 2 колледждің балы анықталса, 2024-2025 оқу жылында 4 колледж қатысады. Осы жылы директорлар мен әдіскерлер Франция елінде, Қазақстанда Ақмола облысында тәжірибеден өтті. Алдағы уақытта Қытай және Өзбекстан елдерінде іссапарлары жоспарлануда.
Ал, Түркістан жоғары медицина колледжінің ұйымдастыруымен «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан жоғары медицина колледжінің бірінші курс студенттерін студент қатарына қабылдау рәсімі өткізілді. Жиынға колледж студенттері мен оқытушылары және белсенді студенттердің ата-аналары қатысты.
Жаңа оқу жылы барысында оқуға түскен студенттерді құттықтау кешіне арнайы қонақтар шықырылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова студент жастарға білім жолында сәттілік тілеп, болашақ орта буынды медицина мамандарын даярлап отырған білім ордасын 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Салтанатты шарада Түркістан облыстық мәслихатының құрмет грамотасымен «Емдеу ісі» бөлімінің меңгерушісі С.Абитаева, химия пәнінің оқытушысы М.Жайсанбаева марапатталса, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевтың алғыс хатымен №9 хирургия және туыстас пәндер бойынша ЦӘК төрайымы Г.Аманбаева, жалпы білім беру бөлімінің меңгерушісі Д.Кусембаева марапатталды. «АMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының алғыс хатымен А.Нурсейтова, Р.Алтай, Г.Амирова, З.Нуржигитова, М.Муханова және белсенді студенттер Б.Дүйсенбек, Ә.Қаржаубаева, А.Жүзболат, С.Азимов, О.Дастанов марапатталды.
Ең алдымен колледж жастары «Рух» әніне флешмоб көрсетті. Колледж табалдырығын алғаш аттап отырған студенттер жастар үшін «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің әртістері концертік бағдарламасын ұсынды. Соңында Түркістан жоғары медицина колледжінің Әнұраны шырқалды.
Түркістан жоғары медицина колледжі – 1965 жылы ашылған іргелі оқу орындарының бірі. Бәсекеге қабілетті, біліктілігі жоғары, кәсіби дағдыларды меңгерген орта буынды медицина мамандарын дайындауды мақсат еткен оқу орны «Фельдшер», «Акушер», «Жалпы практикадағы мейіргер», «Медициналық лаборант», «Фармацевт», «Дантист» біліктілігі және мейіргер ісінің «Қолданбалы бакалавр» біліктілігі бойынша мамандар даярлайды. Көкжиегі кең білім ордасын медицина ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Бимурзаев басқарады. Қазақстандағы алдыңғы қатарлы орта буынды медицина мамандарын даярлап отырған 60 жылдық тарихы бар оқу орны білім берудің халықаралық инновациялық технологияларын кеңінен игеріп келеді. 2024-2025 оқу жылына 1-ші курсқа 600-ге жуық студент қабылданды.
Колледж толыққанды материалдық базамен қамтамасыз етілген, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Студенттердің клиникалық ойлау қабілетін қалыптастыру, кәсіби қызметіне құзіреттілігін арттыру мақсатында колледжде хирургия, терапия, акушерия және мейірбике ісі бойынша симуляциялық орталықтар жұмыс істейді.
Сонымен қатар колледждің анатомиялық мұражайы, фитобар, электронды оқу залы, оқу дәріханасы, заманға сай стоматологиялық клиникасы, спорт кешені және 300 орындық жатақханасы бар.