Бүгінгі таңда қоғамда жас болса да талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастар жетерлік. Мемлекет үнемі жастарға қамқорлық көрсетіп, іскер жастарды қолдап келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мәселесіне үнемі көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жұмыссыздық мәселесіне айырықша тоқтала келіп «Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек. Жастарды жұмыспен қамту жастар саясатындағы басты мәселенің бірі болып отыр. Әсіресе, бұл өңірлерде өте өзекті. Жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті олардың басым көпшілігі жастарды жұмыспен қамту бағдарламасы барын да білмейді. Өңірдегі жастар мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар қарастырылғанынан да бейхабар. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен, жалған статистикамен шешілмейді» деген болатын.
Дегенменде соңғы жылдары жастарды тұрақты жұмыспен қамту – елімізде жүзеге асып жатқан маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет осы бағытты назарға алып, тиісті бағдарламалар ұсынды. Соның нәтижесін жұмыссыз жастар көруде. Бағдарламаның оң нәтижесі көп. Жастар жұмысқа орналасты. Қалай айтсақ та, кез-келген мемлекеттің экономикалық жағынан дамуына жастардың дамуы, жұмыссыздық көлемі тікелей байланысты. Жұмыссыздықты азайту – белгілі органдардың ғана емес, мемлекеттің міндеті.
Биыл Түркістан облысы бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 47,6 мың жастарды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен нақты 78,8 мың жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды.
Енді соның ішінде Кентау қаласындағы жастарды жұмыспен қамту мәселесіне келетін болсақ.
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Кентау қаласында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 3301 азамат қатысқан. Сондай-ақ 2217 адам жұмыспен қамтылды. Оның 911 тұрақты жұмысқа орналасты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 1306 адам орналастырылды.
Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарында 148 адам, жастар практикасында 304 адам, қоғамдық жұмыстарда 659 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 90 адам, «Күміс жас» жобасы аясында 105 адам жұмыспен қамтылды.
Жеке бастамалар аясында «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орны» бойынша 755 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 248 адам қамтылды, оның ішінде 199 адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды.
Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін ағымдағы жылдың басынан халықтың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК дейінгі (1 476 800 теңге) мөлшерде 81 грант берілді.
Сондай-ақ, Кентауда мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін ұлғайтқан жастар көп. Соның бірі қала тұрғыны Сымбат Анарбаева аналар мен балаларға массаж жасайтын орталығын ашқан. Кәсіпкер ана бұл бизнесін 5 жыл бұрын бастапты. Алайда қажет құралдары болмағасын, қызмет көрсету бағыты аз болған. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның арқасында грант иегері атанып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Қолдаудың арқасында жұмысын ұлғайтқан орталықта дисплазиядан арылуға, бұлшық ет кернеуін жеңілдетуге, жалпы денсаулықты нығайтуға, ұйқышылдықтан, апатиядан арылуға арналған жүрек тамыр жүйесін метаболизмді ынталандыратын массаж түрлерін жасайды.
Сымбат Анарбаева осы массаж жасау оқуын арнайы курстар оқып біліктілігін арттырған. Оған себеп өзі ерекше баланы тәрбиелеп отыр. Баласына уақытында қажет массаждарды жасау арқылы, өзгелерге де көмек беруде.
«Өмірдің сынақтарына сабырлықпен қарап, оған күлімдеп қарасаң өмірдің тамаша сәттері өте көп. Өзім ерекше бала тәрбиелеп отырғасын, менің орталығымда міндетті түрде балаға массаж жасайтын қызмет көрсетілуі керек деп шештім. Мемлекеттік қолдаудың арқасында арманым орындалды, – дейді кәсіпкер.
Батыл да батыр ананың айтуынша, орталықта массаж жасайтын тәжірибесі мол мамандар айналысады. Ол мамандардың ішінде өзі де бар. Қазіргі таңда бұл орталықтың қызметіне сұраныс өте жоғары. Бүгінде аталмыш орталыққа балалар көптеп келуде. Болашақта басқа да емдеу түрлерін қосып ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
Жалпы алғанда «Жастар практикасы» бағдарламасы колледж және ЖОО — ның түлектері үшін оқыған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін мол мүмкіндік бере алады. Биыл Түркістан өңірінде «Жастар практикасы» жобасына, 4514 адам жолданған. Аталған жоба бойынша жалақы мөлшері 30 АЕК-ті (110 760 тг) құрап, мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.
Сондай-ақ жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болған жағдайда «Жастар практикасына» қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Бағдарламаның талаптарына тоқталсақ, «Жастар практикасына» қатысушының жасы 35 — тен аспауы тиіс, сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы тиіс.
Биыл облыс бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 47,6 мың жастарды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен нақты 78,8 мың жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды.
Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жіберіліп, жалпы 10 829 адам тұрақты, ал қалған 11 752 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды.
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 2024 жылдың 10-шы мамыр күні «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасымен жұмыссыз тіркеліп тұрған Састөбе ауылының тұрғыны Елеусизова Аяулым Ғазизқызы “ Жансая” ЖК-не кондитер болып жолданған болатын. Қазіргі таңда тиісті жұмыстарын абыроймен атқаруда.
Сондай-ақ, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Түлкібас кентінің тұрғыны Сулейманова Жанар Балгабайқызы 2024 жылдың 2 — ші сәуір күні “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасымен Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, “GULNUR»-ҚЫЗ ЖАСАУ” оқу орталығына “тігінші” мамандығына жұмысқа жолданған болатын.
Бүгінгі таңда өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, бағдарламаның игілігін көріп отыр.
Фото: Elorda.info