Бүгінгі жастарға жайбасарлық жараспайды. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында «жайбасарлық» көзқарас болмау керек. Егер ықылас болса барлық нәрсеге, нақтырақ айтсақ, оқу, ғылыммен айналысу, спортпен шұғылдану, қоғамдық жұмысқа белсене қатысу, бәріне үлгеруге болады. Ең бастысы жастарда жақсылық жасауға деген ұмтылыс болуы керек. Және жастар елді еңбек етуге, ынтымақ-бірлікке шақыратын шаралардан ешқашан шет қалмауы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны белгілі. Міне, осы бастаманы Түркістан облысының белсенді жастары қуанышпен қабылдап, тұрақты түрде тазалық жұмыстарын жүргізуде. Кезекті акция тау баурайындағы Қазығұрт ауданында өтті.
Акцияға Қазығұрт ауданының әкімі Исмаилов Азизхан мен Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Молдасапаров Айбек, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысты.
Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
«Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу жұмыстарын тоқтатпаймыз», дейді бұл жөнінде Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Молдасапар Айбек.
Аталған акцияға облыстың белсенді ерікті жастары, депутаттар, қоғам белсенділері, жастар орталығы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлері мен аудан тұрғындарынан құралған жалпы, 150-ге жуық жас қатысты.
Сондай-ақ, «Ел боламын десең — бесігіңді түзе» деп ата-бабаларымыз айтып кеткендей, жастарымызды ұлттық дәстүрде тәрбиелеуде ұлттық менталитетке көп көңіл аударуымыз керек, яғни әрбір елдің өзінің жеке тұлғасын қалыптастыруы оңай шаруа емес. Қазақ елінің азаматын қалыптастыруда ұлтымыздың салт-дәстүрін пайдалану бұл ең ғажап істердің бірі.
Жақында Қазығұрт ауданында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар арасында ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың тәрбиелік мәнін дәріптеу, жастардың бойында ұлттық құндылықтар мен адамгершілік, имандылық қасиеттерді дамыту мақсатында «Ауылдағы бір күнім» атты облыстық реалити-шоу сайысы өтті.
Жобаның басты мақсаты — жастар арасында қазақтың төл мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттау, рухани-адамгершілік қасиеттерді дамыту. Байқау Қазығұрт ауданындағы тұмса табиғат аясында өтіп, қатысушыларға әсерлі болуы үшін, этно-ауыл құрылды. Жігіттер садақ ату, арқан тарту сияқты ұлттық ойындарда бақ сынады. Қыздар аспаздық қабілеттерін көрсете отырып, құрт пен ет қамырын жайып, үлкендердің бағасын алды.
Шараға Қазығұрт аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Көшкінбай Аян және Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Молдасапаров Айбек, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев қатысып, мұндай игі істер одан ары жалғасын табатындығын айтып, жастардың алдағы жоспарларына және барша командаға сәттілік тіледі.
– Заман өзгерсе де ұлттық салт-дәстүріміздің көнермейтіндігін еске сала отырып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту жолында жастарды халқымыздың ұлттық құндылықтарымен терең таныстырып, жан-жақты дамыған, ой-өрісі кең, мәдениетті тұлға қалыптастыру мақсатында облысымызда осы сайыс ұйымдастырылуда, – деді Ернар Бектаев.
Байқауда қатысушылар төрт кезең бойынша бақ сынады.
Және байқауға облысымыздың аудан, қалаларынан 13 команда қатысты.
Ой жүйріктігі мен тапқырлығы, командалық жұмысымен және өнерімен көзге түскен топтар жүлделі орындардан көрініп, оларға қаржылай сыйлықтар тапсырылды.
Осындай ұлттық салт-дәстүрлерімізді қала берсе ұлттық ойындарымызды насихаттайтын іс-шаралар аудандарда көптеп ұйымдастырылса ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміз қайта жанданары сөзсіз.
Шынында «Ауылдағы бір күнім» атты облыстық реалити-шоу сайысы жастарды еңбекке баулуға арналған жақсы жоба. Түркістан блысы халқының 80 пайызы ауылда тұрады. Бұл өңірде ауыл шаруашылығы әлеуеті қарқынды дамып келеді, бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп. Ата кәсіптің жандануы, ауыл шаруашылығындағы инновациялық даму, шаруашылыққа жаңа технологияларды ендіру – ендігі жастардың еншісінде.
Фото: Қазығұрт Ауданы әкімдігі