Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды.
Ел болашағы-жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді. Өйткені әлеуметтік желілерден алынған, сүзгіден өтпеген ақпараттардың шамадан тыс көптігі өскелең ұрпаққа оң әсерімен қатар елеулі қауіп-қатер де төндіріп отырғаны жасырын емес. Сондай жағымсыз әдеттердің бірі — нашақорлық.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленген.
Жақында Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде «Нашақорлыққа жол жоқ, Біз жарқын болашақты таңдаймыз!» атты форум өтті. Аталған форумға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудан прокураторы М. Мошкалов, ҚР президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Қаратау» өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Б. Байтуов, Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры М. Халықов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Е. Бейсебаев, Дзюдо күресінен ҚР енбек сіңірген жаттықтырушысы, Самбо күресінен ҚР спорт шебері, ауданның құрметті азаматы М. Асилов, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам денесі үшін тигізетін зияны, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатыны және басқа да түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылым көрсетіліп, форумның шымылдығы ашылды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді.
«Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндеті. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауында өскелең ұрпақтың сау, білімді, тәрбиелі патриот болып өсуі үшін — есірткі саудасының алдын алу шараларын күшейту бойынша тапсырмасына, есірткі саудасына, нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз қажет. Сондықтан қажетті заңнамалық шараларды қабылдап, нақты нәтижеге қол жеткізу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес күнделікті жүргізілуде. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табады. Бүгінгі жиын нәтижелі болып, аға ұрпақтың, жас белсенділердің айтылған ой-пікірлері, тәжірибелері осында отырған мектеп оқушыларына, студенттерге өмірлік азық болады деп үміттенемін,» — деді аудан әкімі өз сөзінде.
Жиын барысында спикерлер мағлұматтар беріліп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісе отырып, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Аталған форумның басты мақсаты — есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүргізу және жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуының, пайдаланудың, қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жаманнан жиренуге шақыру.
Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес әрбір тұрғыны қарсы күрес жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімін табады.
«Нашақорлыққа қарсы жол жоқ» атты форум Келес ауданында да өтті. Ауқымды іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға аудан прокурорының орынбасары Ағабеков Нүркен Керімбайұлы аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбілханұлы, және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұрын сотты болған азаматтар, тұрғындар қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз қажет. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу және адамдардың салауатты өмір сүруіне жағдай жасау болып табылады. Аудан көлемінде есірткіге қарсы күрес бағытында қарқынды түрде жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Ауданымыздағы барлық білім беру ұйымдарында «Біз нашақорлыққа қарсымыз» «Жастар спортпен бірге салауатты өмір салтын ұстанады», «Есірткіге жол жоқ» атты ұрандармен арнайы іс-шаралар тұрақты түрде өтуде. Қазіргі таңда психотроптық заттардың заңсыз айналымымен күрес күнделікті жүргізілуде. Бұл жұмыстар әрі қарайда жалғасын табады. «Ұрпақ тәрбиесі-ұлт болашағы», «Жарқын болашақ-жастардың қолында» деп ұлы бабаларымыз айтқандай Біз жастардың дұрыс бағытта өсіп өркендеуінде аянбай қызмет етіп, қолдауымыз қажет! Өскелең жас ұрпақ яғни қоғамның қозғаушы күші жастар, бүгінде озық идеяларымен, білімділігімен еліміздің дамуында барынша үлес қосып келеді. Бүгінгі жиын нәтижелі болып, аға ұрпақтың, жас белсенділердің айтылған ой-пікірлері, тәжірибелері осында отырған мектеп оқушыларына, студенттерге өмірлік азық болады деп үміттенемін,» – деді Жәнібек Ағыбаев.
Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары мен аудандық полиция бөлімінің бастығы өте қажетті мағлұматтарды баяндап, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз ойларын білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты.
Форумның шымылдығы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және тағы басқа түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен түрілді.
Іс-шарада сөз алғандар қоғам назарын «ғасыр дерті», яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті. Жиын соңында «Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!» ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Нашақорлықтың алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.
Фото: unicaplus.ru