Бүгінгі таңда да бұл ауылдың сүттей ұйыған берекесі кеткен жоқ. Нарықтың сан түрлі сынақтары келсе де мойымай, аудан экономикасының ілгері басуына өз үлестерін қосып келеді. Ауылдық округте үш елді мекен, онда 2912 тұрғын бар. Ауылда 4 мектеп, 1 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт, Мәдениет үйі, 1 балабақша, 1 шағын орталық, 1 аула спорт клубы,1 мешіт, 1 балалар жасөспірімдер орталығы, пошта бөлімшесі мен клубтар тұрғындарға қызмет етеді. Ауылдық округте 47 шаруа қожалық, 40160 уақ мал, 2760 ірі қара, 1330 жылқы, 350 бас түйе бар.
Биылғы жылы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткені белгілі. Сол сайлауда аталған округ түрғындары осы кезге дейін ауылдық мәдениет үйінің басшысы қызметін атқарған Нұржан Мұхтаровқа бірауыздан дауыс беріп, сенім артқан болатын. Нұржан Мұхтаров әкім болған күнінен бастап, іске бел шеше кірісіп кетті. Бұрыннан осы ауылда өскендіктен, округтің барлық жұмысы бұған таныс. Биыл қыс ұзарып кетіп, Ойық ауылында біраз мал шығыны болғаны да рас. Округтің жаңа әкімі алдымен қарапайым тұрғындардың қорасындағы малға жем-шөптің жеткілікті болуын назарға алды. Осылайша 10 көмекке мұқтаж отбасына 48 рулон және 240 түк шөп тегін түсіріліп берілді.
Аталған сауапты іске «Орыс сәтек» шаруа қожалығының төрағасы Есімхан Жексенбаев, «Бейбіт» шаруа қожалығының төрағасы Болатжан Дуанбек, «Мұса» шаруа қожалығының төрағасы Мұса Ахметов, «Береке» шаруа қожалығының төрағасы Төленді Әлімханов, «Шалқар» шаруа қожалығының төрағасы Жаңабек Шалқарбаев, «Бөрібай» шаруа қожалығының төрағасы Нұрғазы Ақылбаев сүбелі үлестерін қосыпты. Сондай-ақ, кәсіпкер Лесбек Жаншораев қандай іске де қол ұшын созуға дайын тұратын азамат көрінеді. Ал осы округтегі Болатбек Тілепбергенов деген жігіт ауласындағы 7 соттық жерін жылыжайға айналдырып, қиыр, қызанақ егіп, жылына 7-8 тонна таза өнім алып отырған еңбекқор азамат.
Бұл ішімдік сатпайтын үлгілі ауыл ретінде де ерекше. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманберді алдыңғы толқынды игі істерге жұмылдыруда аянып қалған емес. Төрағаға болысып, сауапты жұмыстарға, жастар тәрбиесіне ерекше үлес қосып жүрген Ділдәкүл Қабылбекова, Төкен Атамқұлов, Әшкен Мұсаев, Мырзатай Құранбеков, Бидаулет Жуасбаев, Балтабай Әлімбеков секілді қариялардың еңбегі де атап өтерлік.
– Тұрғындар сенім артқан соң, үдеден шығу – міндет. Түрлі бағдарламалар мен пилоттық жобаларды дамыту өзекті. 3 мыңға жуық тұрғындарға қызмет көрсету жеңіл емес. Ауыл жастарын жаңашыл істерге бағыттау, ауыл мектебі мен мекемелерін сапалы кадрлармен қамту күн тәртібіндегі маңызды іс. Бұл округ мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамытуға қолайлы. Суды үнемді пайдалану да назарымызда болады. Облыс әкімінің «Асар» бастамасына да үлесімізді қосып отырмыз. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек те үлкен қолдау білдіруде. Осы бағыттарда елге аянбай тер төге береміз, — дейді Ойық ауылдық округінің әкімі Нұржан Мұхтарұлы.