Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жолданды. Нақтырақ айтсақ 10 829 адам тұрақты, 11 752 адам уақытша жұмыс орындарымен қамтылды.
Субсидияланған уақытша жұмыс орындарына жолданғандар ішінде 1644 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 4238 адам «Жастар практикасы» жобасына, 4514 адам қоғамдық жұмыстарға, 1356 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бастау Бизнес» жобасы аясында 2841 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыған. Жаңа бизнес-идеялары үшін өз ісін бастауға ниетті 748 жасқа грант берілген. Сонымен қатар enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша мамандықтарда 1444 жас білім алып, сертификатқа ие болған.
Мысалыға Кентау қаласының тұрғыны Алтынай Картабаева «массаж кабинетін ашу» жобасын ұсыну арқылы грант иегері атанған. Бүгінгі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Мемлекеттен берілген грант қаражатына массаж столын, жиналмалы орындығын, тізе орындығын, фитобочка, денеге массаж жасайтын аппаратын сатып алған.
Осы күнге дейін бар құралымен жұмыс жасап жүрген ана, қазір қажет құралдарды алғасын жұмыс көлемі де ұлғайған.
Еңбекқор ана нүктелі массаж жасауды Қытай Республикасы, Үрімжі қаласына барғанда көріп, қызығушылығы артыпты. Ол жаққа бару себебі ұлы 1-ші топтағы ерекше бала. Ұлына қараушы ана болғандықтан, массаждың баласына өмір бойы керектігін, үнемі қасында өзі болғандықтан массажды үйренгеннің ешқандай зияны болмайтынын түсінген. Өмір сынағына сынбаған ана керсінше бала үшін мықты болуды үйреніп осы саланы жетік меңгеруді қолға алады. Астана, Алматы, Шымкент қалаларына барып, арнайы массаж курстарынан өтіп, біліктілігін шыңдап, массаждың барлық түрін үйренеді.
Осылайша массаж жасап жүріп, массаж орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетіп, ем алушылардың ыстық ықыласына бөленуде. Алған білімі мен тәжірибесінен ем іздеп келушілердің қатары күннен күнге көбейіп, тіпті ауруынан айыққандар ризашылық білдіруде. Бүгінгі күнде бірнеше шәкірт тәрбиелеп үлгерген.
Бал массажы, от массажы, емдеу, гигиеналық, классикалық, косметикалық, және спорттық массаждардың түр-түрін жасайтын батыр ана, өз жұмысын бар жан-тәнімен жасайтын, ең бастысы таңдаған кәсібіне құрметпен қарайтын кәсіпкер.
Ал, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы ауылшаруашылыққа бейім мекен. Онда жеміс-жидектің түр-түрі өсіріледі. Сол жеміс-жидектерді тиімді пайдалануды қолға алған көпбалалы Дияра Рустемова «Детокс бар ашу» жобасын жүзеге асырды. Ол мемлекеттен берілетін грант иегері атанып, қажетті құрылғыларды сатып алған.
Отбасылық кәсіпке айналған істен айына балғын шырындардың 3000-4000 данасын шығаруда. Шырындарды табиғи өнімдерден : кептірілген өрік, алма, каркаде, лимон, жалбыздан жасап өңдеуде. Сусындарды дүкендер мен тапсырыс берушілерге жеткізіп отырады.
«Бұған дейін медицина саласында жұмыс істеп келгенмін. Ауылға келіп балалы болған соң, тыныс-тіршілігіне әбден үйренген соң Астанаға қайтпай осында қалдық. Жұмыстан босап, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Мемлекеттің қолдауын естіп, өз жобамды ұсынып, қорғап шықтым. Соның арқасында кәсібімді сапалы түрдебастап кеттім» — дейді көпбалалы ана.
Шырын сусындардың ыдыстарын Қытай елінен алдыртуда. Ал, жеміс-жидектердің басым бөлігі өз ауласындағы бақшалардан алады. Болашақта кәсібін ұлғайтып, үлкен цех салуды көздейді. Сонымен қатар, қосымша құрылғылар мен ыдыс жасап шығаратын аппарат алуды жоспарлап отыр.
Жалпы алғанда Кентау қаласында мемлекеттен берілген қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашқан жастардың қарасы көбейіп келеді. Тіпті олардың арасында қала үшін тиімді жобалар да бар. Ол – пластмасса бөтелкелерді пресстеу. Қала тұрғыны, іскер ана Гүлназ Жайықбаева қоқыстың өзін кәсіп көзіне айналдырған.
Ол тұрмыстық қатты заттарды сұрыптап арнайы зауытқа өткізеді. Болашақта оларды ұнтақтап өңдеуді жоспарлап отыр. Бұндай іспен айналысуға мемлекеттен берілетін грант негіз болған.
Гүлназ Жайықбаева отбасымен бірге бұған дейін құр бакалашка қабылдап жүрген. Кейін бөтелке, макалатура, пластмасса жәшіктері мен салафан қалталарды да қабылдай бастаған.
«Үнемі көшеде кез-келген тұрғын бакалашкасын тастап кетеді. Кейін ойыма кәсіп ашу ой келді. Осыдан не істеуге болады, әрі сүйікті қаламның тазалығын сақтап, экологияға үлес қосқым келді. Жолдасыммен ақылдаса отырып тәуекел етіп бастап кеттік. Тұрғындар қазір үйреніп келеді. Жинап бізге өткізуде» дейді іскер ана.
Тау болып үйілген заттарды әзірге шикізат күйінде өндіріс орындарына өткізеді. Мемлекеттен алған қаржыға қалдықтарды жинайтын құрылғы сатып алған. Алдағы уақытта қалдықтарды ұнтақтайтын техника алуды жоспарлауда. Ол кезде жұмыс әлдеқайда тиімді болмақ. Кейін пластмассалардан түрлі зат шығару ойларында бар.
Иә, Кентау қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашқандар қатары жыл сайын көбейіп келеді.
Сондай жанның бірі Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы әке — Бақыт Ибраев. Ол биыл өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап, тиянақты жасалған бизнес жобасына кәсіпкер қайтарымсыз грант жеңіп алды. Оған ол шұжық жасайтын қажетті құрылғыларды сатып алған.
«Жаңа кәсіптің көзін тауып, бүгінде алға өрлеп келе жатқанына қуанамын. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, ісімді дөңгелетуде үлкен септігі тиді. Сұраныс та артып келеді. Болашақта химиялық қоспалары жоқ, нағыз еттен жасалатын шұжықтың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын» дейді жас кәсіпкер.
Кәсіпкер күніне 20-30 данаға дейін таза қара малдың етінен табиғи өнімнен шұжық жасап шығаруда. Қазіргі таңда қала және қалаға қарасты ауыл дүкендеріне ұсынады. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытуды жоспарлап отыр.
Фото: TrendNews.kz