«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысының Меркі және Талас аудандарындағы ауданаралық көпбейінді орталық ауруханаларды реконструкциялау көзделген. Осы мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан 2,4 млрд теңге бөлінді.
Мәселен, қайтарылған активтердің бір бөлігі Талас аудандық көпсалалы орталық аурухананы реконструкциялауға бағытталмақ. Қарастырылған қаражат көлемі – 2,3 млрд теңге.
Ал Меркі аудандық көпсалалы орталық аурухананың қабылдау бөлімшесін жөндеуге 144,9 млн теңге жұмсалмақ. Құрылыс жұмыстары соңғы сатысында жүріп жатыр. Нысанды пайдалануға беру жыл соңына жоспарланған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан Жамбыл облысында төрт денсаулық сақтау нысанын іске қосуға 2,8 млрд теңге бағытталған. Бұған дейін Қордай және Талас аудандарында екі дәрігерлік амбулаторияның құрылысы салынғаны туралы хабарланған болатын. Олардың әрқайсысы тәулігіне 45 келушіге дейін қабылдай алады.
Ал, Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаға шамамен 7 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салуға бағытталған. Онда инсульт орталықтары, рентгенхирургия бөлімшелері және басқа да бейінді бөлімдер ашылып, заманауи медициналық жабдықтар: магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және ангиографиялық қондырғылар орнатылады.
Жобалар жүзеге асқан соң, ауылдық жерлердегі 300 мыңнан астам тұрғын мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді.
Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Фото: zakon.kz