Алайда, сенатор Сәкен Арубаев ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қаражат жеткіліксіз жоспарланғанын атап өтті. Мысалы, 9,8 мың га алқапта қант қызылшасын өндіруге 8,6 млрд теңге қажет болатын, алайда тек 2 млрд теңге ғана бөлінді. Сондай-ақ егіс алқаптарын ұлғайтуға қажетті минералды тыңайтқыштарға субсидия берілмеді.
«Негізгі мәселелердің бірі – өздігінен жүретін доңғалақты тракторлар мен комбайндардың жаңару көрсеткішін 10,0 пайызға дейін жеткізу. Ал, шаруалардың өз қаражаты есебінен техниканы сатып алуға мүмкіншілігі төмен. Бүгінгі күнге, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға несие беру, сондай-ақ, лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы аясында бастапқы аванстық төлем жүргізу арқылы өз шешімін табуда. Дегенмен, бұған дейін жасалған шарттар бойынша субсидиялар суммасы мен алдағы қарастырылатын жобаларға аванстық төлемдер өтелген жағдайда ғана қосымша 100 бірлік әртүрлі техникамен қамтуға мүмкіндік бар. Бірақ бұл шешілмеген мәселелердің қатарында қалып отыр», — деді сенатор депутаттық сауалында.
Сенатор сонымен қатар өңірдің мал шаруашылығы саласында да жағдай күрделі екенін атап өтті. Осы саланы дамытуға 5,3 млрд теңге бөлінсе де өткен жылдан қалған резервтік өтінімдердің қарыз сомасы 2,6 млрд теңгені құрады. Бұл мал шаруашылығының бұдан былайғы дамуына қауіп төндіріп отыр.
«Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын іс жүзінде орындау мақсатында, Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешенінің 2023 жылдан қалған қарыздарын өтеуге және 2024 жылға қолдау көрсету үшін тиісті қаржы қажеттілігін қарастыруды, сондай-ақ республикамыздың барлық аймақтарында орын алып отырған өзекті мәселе екенін жеткізе отырып, барлық бағыттар бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылдау керек», — деді Сәкен Арубаев.