Алматы облысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Жамбыл әлемі» 30 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақын музейіндегі бұл шарада шығармашыл жастармен кездесу ұйымдастырылып, руханият тақырыбында өзара пікір алмасу өтті. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы үйлестірілген жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз елінің делегациясын бастап келген Қырғызстан Мемлекеттік хатшысы Сүйүмбек Касмамбетов қатысты.
Алдымен ресми қонақтар Жамбыл Жабаев пен Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Мұнан соң ақын музейінде Алматы облысы әкімдігінің Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп шығарған 30 томдық «Жамбыл әлемі» кітаптарының тұсауы кесілді.
Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өңірде Жамбыл Жабаевтың мерейтойына бағытталып өткізілген шараларға қысқаша тоқталып өтті.
«Міне, өздеріңізбен бірге Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінде еліміздің келешегін кемел ететін республикамызға белгілі жас ақын-жазушылармен кездесіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасымен бірлесіп шығарған «Жамбыл әлемі» 30 томдығының тұсаукесер рәсімін салтанатты түрде атқарып отырмыз. Бұл ғасырдан ғасырға мұра болып қалатын әдеби алтын қор деп санаймын. Ұлыларымызды ұлықтайтын игі істеріміз көп болсын«- деді Қ.Бозымбаев.
«Жамбыл әлемі» 30 томдығын Алматы облысының әкімдігі Жазушылар одағымен бірлесіп шығарды. Оған облыстық бюджеттен 114 млн теңге бөлінді. Онда ақынның өмір тарихы, шет тілден аударылған шығармалары, музыкалық мұрасы, Жамбыл Жабаев туралы зерттеулер, естеліктер, ақынның ұстаздары Сүйінбай, Қабан жырау, Майлықожа, замандастары, шәкірттері туралы деректер мен шығармалары, Ж.Жабаев туралы көркем шығармалар, Жамбылдың талантты ұрпақтары жайлы және басқа да деректер енгізілген.