Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Ауыл партиясы фракциясы депутаттарының атынан Үкімет жетекшісіне жолдаған сауалында ауыл шаруашылығына қатысты аса маңызды мәселені көтерді.
«2023 жылы Жамбыл облысында қуаңшылық жарияланып, төтенше жағдай енгізілгенімен, өтемақы тек суармалы жерлері бар шаруашылықтарға ғана берілді. Ал тәлімі жермен айналысатын фермерлер ешқандай көмек ала алмады. Бұл – шаруаларға тиген алғашқы соққы еді. 2024 жылы өнім мол жиналғанымен, Ресейден арзан астықтың ағылып келуі салдарынан баға күрт құлдырады. Отандық диқандар өз өнімін өткізе алмады. Шығын жабылмады, табыс түспеді. Бұған қоса, субсидия төлемдері кешіктіріліп, шаруалардың жағдайы одан әрі ауырлады. 2025 жылы қайтадан қуаңшылық қайталанды. Түркістан облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанымен, Жамбыл облысында мұндай қадам жасалмады. Соның салдарынан субсидия да, инвестициялық қолдау да берілмеді. Мыңдаған шаруашылық қазір банкрот болудың алдында тұр. Өнім шықпағандықтан, шаруашылықтар банктер мен Аграрлық несие корпорациясы алдындағы қарыздарын өтеуге мүмкіндігі жоқ. Бірақ төлемді кейінге шегеру туралы өтініштеріне қарамастан, Аграрлық несие корпорациясы толық төлеуді талап етуде. Бұл – әділетсіз жағдай деп есептейміз!» дейді депутат өз сауалында.
ҚазАгроҚаржы дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылдың шілде айының өзінде Жамбыл облысында 62 жобаның проблемалық болып тіркелгені анықталды. Қазір күзде бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін. Демек, жүздеген шаруашылықтың техникасы тәркіленіп, жаппай банкроттыққа жол беріледі. Бұл тек шаруалардың емес, бүкіл ауыл халқының, мыңдаған адамның тағдыры.
Осыған байланысты Ауыл партиясы фракциясы депутаттары барлық несие мен лизинг төлемдерін бір жылға ешқандай өсімпұлсыз шегеруді ұсынады. Өйткені өсімпұл қосылса, шаруалар еңсесін қайта көтере алмайды.
Және 2024–2025 жылдарға арналған субсидиялар мен инвестициялық субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеуді қамтамасыз етіп, төлем кестесін нақты бекітіп, субсидиялау жүйесін қайта қарап, түсініксіз, қайшылықты нормаларды жойып, тек нақты бағытталған, әділ қолдау механизмін енгізу қажет.
Фото: ELDala