Екі ауылдағы спорт кешенінің құрылысы да «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілген. Ауыл балалары мен жастары кәсіби әрі тұрақты негізде спорттың 7 түрімен (қазақша күрес, самбо, дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол) шұғылдана алады.
Кешенде барлық спорттық құрал-жабдықтар, жаттығу залы, киім ауыстыратын бөлмелер мен медициналық кабинет бар. Ғимараттың аумағы абаттандырылып, жылу жүйесіне қосылған.
Ербол Қарашөкеев ауылдың жас спортсүйер балаларымен әңгіме өрбітіп, оларға сәттілік тіледі. Жаңа спорт кешенінен болашақ чемпиондар шығатынына сенім білдірді.
— Жамбыл спортының өзіндік дара жолы мен мектебі қалыптасқан. Бүгінде жас спортшыларымыз аға буынның жеңісті жолын жалғастырып, ел мақтанышына айналды. Жамбыл ауданынан шыққан дарынды спортшылар да еліміздің көк туын көкке көтеріп жүр. Біз осы қалыптасқан дәстүрді жоғалтпай, облыс спортын әрі қарай дамытуға күш салу қажетпіз, – деген Ербол Қарашөкеев ауыл тұрғындары үшін спорт нысандары қолжетімді болуы қажеттігін баса айтты.
Салтанатты ашылу рәсімінде ауыл қариялары да сөз алды. Олар өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жаңа ғимараттың бой көтеруіне ықпал еткен жауаптыларға ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, бүгінде 496 мың жамбылдық бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысады.
Ағымдағы жылы өңірде 15 спорт кешенінің құрылысы жүруде. Оның 14-і биыл, қалған біреуі 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ биыл Тараз қаласы мен аудандарда 34 заманауи спорт алаңшасы ашылады.
Жыл соңына дейін халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейін 64,9 пайыздан 66-ға дейін арттыру жоспарлануда.