Бүгінгі таңда аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістіктерді ылғалдандыру мақсатында жобалар қабылданып, тиісті шаралар жасалуда.
Облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақовтың айтуынша, басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» КММ-нің теңгеріміндегі 105 су қоймасының жалпы жобалық сыйымдылығы 132,45 млн м²-ді құрайды. Су қоймаларының 35-і егін, 27-і балық және егін, 14-і балық шаруашылығына, 23-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, біреуі экологиялық мақсатқа пайдаланылуда.
Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы қатты сезілуде. Бұл біздің өңірдің су қорының 80%-ға жуығы көршілес Қырғыз Республикасына тәуелді. Сондықтан, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша былтыр облысымыздағы ішкі резервтегі су көздерін толық пайдалану үшін 2021-2022 жылдарға арналған Жамбыл облысының су қоймалары мен тоғандарды қалпына келтіру және жаңадан соғу бойынша іс-шара жоспары қабылданған болатын. Осы іс-шара жоспарына сәйкес, облыс аумағында қалпына келтірілетін 10 су қойма мен бөгеттер және жаңадан салынатын 8 су қойма анықталған.
— Атап айтсақ, біріншіден, қалпына келтірілетін 10 су қойманың ішінде 6 су қойма Жамбыл, Талас, Жуалы және Сарысу аудандарында орналасқан. Аталған су қоймалар мен бөгеттерді іске қайта қосу жұмыстарын ағымдағы жылдың аяғына дейін аяқтау межеленген. Бүгінгі таңда Жамбыл ауданындағы «Бөгет 7» су қоймасының қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, су жиналуда. Екіншіден, жаңадан соғылатын 8 су қойманың ғылыми-зерттеу жұмыстарына 24,8 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде,— деді басқарма басшылығы.