Жақында ғана сенатор Сәкен Арубаев Үкімет жетекшісінің атына депутаттық сауал жолдап, Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға биылғы жылы бөлінген 19 млрд теңгенің 12,5 млрд теңгесі өткен жылдың өтпелі қарыздарын жабуға жұмсалмақ екенін айтып, 2023 жылдан қалған қарыздарын өтеуге және 2024 жылға қолдау көрсету үшін тиісті қаржы қажеттілігін қарастыруды сұраған болатын. Сенатордың айтуына қарағанда Жамбыл облысының жалпы қарызы 28,8 млрд теңге.
Бұл қандай қарыз? Қалай пайда болған?
Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында осы мәселені депутаттар да көтеріп, тиісті басшылар жауап берді.
Сандуғаш Абдралиева, Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
— Бұл жерде механизм былай… Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің тарапынан өтінімдерді жыл бойы қабылдай береді. Бөлінген қаржы таусылған кезде де өтінімдер түсе береді. Содан қарыз қалыптасады. Біз осыған байланысты тиісті салалық министрліктерге хаттар жолдадық. Шынында республикалық бюджеттен өңірге бөлінген 20 млрдқа жуық қаржының 12 млрдтан астамы былтырғы түскен өтінімдерді жабуға жұмсалайын деп отыр. Сондықтан биылғы түскен өтінімдерге қаржы жетпейді деген сөз. Ауылшаруашылығы саласына бөлінген субсидиялар жалпы сипаттағы трансферттер көлеміне кіргізілген. Сондықтан қосымша қаржы сұрап тиісті министрлікке хат жолданған болатын. Алайда бүгінгі күнге қосымша қаржының болатыны, болмайтыны туралы нақты ақпарат жоқ.
Нұржан Мұқашев, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
— Жылда агроөнеркәсіп саласына 20 млрд теңгенің төңірегінде қаржы бөлінеді. Жыл ішінде қажеттілікке байланысты республикалық бюджеттен қосымша қаржы сұралады. Өткен жылы 12 млрд теңге қарыз боп қалдық. Бұған жергілікті бюджеттің шамасы келмейді. Қосымша 28 млрд теңгеге республикалық бюджетке өтінім берілді.
Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
— Бұл қарыз қаншама жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті бюджет арқылы бәрін бірден жаба салу мүмкін емес. Өйткені шаруалар субсидия, басқа да мүмкіндіктерді пайдалану үшін өтінімді электронды түрде береді. Сондықтан бұл процесс тұрақты түрде жалғаса береді. Нақты ұсыныстар бердік. Басқа облыстарда да тура осындай жағдай. Яғни, мұндай қарыздар барлық өңірлерде бар.
Осылайша жауаптылар бұл қарыздың қалай пайда болғанын айтып бергенімен, бұл қарыздан қашан құтылатыны туралы дөп басып ештеңе дей алмады. Өйткені бұл қарызды облыс бюджетінен төлеп тастау мүмкін емес. Амал жоқ, жоғарыға алақан жаяды.
Ал, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген қаржының тең жартысынан астамы қарызды жабуға жұмсалатындықтан бұл бағыттағы жұмыстар қалай нәтиже берері түсініксіз. Негізі бұл бағдарламамен шаруалар қажетті техника, құрал жабдықтары мен су үнемдеу технологияларын алулары керек болатын.
Осының салдарынан Жамбыл облысына биылға белгіленген 9,8 мың гектар қант қызылшасын орналастыру нормативіне сәйкес өндірілетін 346,0 мың тонна өнім көлеміне қажетті қаражат 8,6 млрд. теңгені құрағанымен, бұл бағытқа 2,0 млрд. теңге ғана жоспарланған.
Оған қосымша, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға қажетті 3,1 млрд. теңгенің қаралмағаны тағы бар.
Одан бөлек, осы жылға мал шаруашылығын дамытуға 5,3 млрд. теңге бөлінгенімен, өткен жылдан қалған қарыз 2,6 млрд. теңгені құрап, мал шаруашылығының да мазасы қашуда. Сол сияқты, биылға инвестициялық субсидиялау бағдарламасына бөлінген 6,7 млрд. теңге қаржының 91 % тағы өтпелі қарызға бағытталмақ.