ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі зейнетақы қорындағы шекті сомадан асатын қаржыны «Отбасы банкінің» депозитіне аударуға қатысты басты 3 факті туралы хабарлады.
«2021 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің «Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы» бұйрығына сәйкес Ережеге енгізілген өзгерістер бекітілді. Осыған қарай азаматтарды қызықтырған сұрақтарға талдау жасап, жауаптар дайындалды. Бүгін біз сол сауалдардың біріне жауап береміз»,-делінген хабарламада.
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкінің» депозитіне аудару кезінде қандай шарттар сақталуы тиіс?
Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бір бөлігін «Отбасы банкінің» шоттарына аудару бойынша норма көзделген. Мақсат — тұрғын үй сатып алу үшін қаражат жинақтау.
1. Алушы өз салымын үш жылдың ішінде пайдалануы керек.
2. Алушы зейнетақы қаражатын жинақтау мерзімі бар, бұрын ашылған салымға аударуға құқылы.
3. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы салымды кепіл ретінде беруге тыйым салынады.