Қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастырудың негізгі бағыттары білім беру және ағарту, қоғамдық іс-шаралар, мәдениет және өнер, спорт және дене шынықтыруға басымдық беру десек, бұл бағытта түрлі іс-шаралар ұдайы өткізіліп тұрады.
Қызметте де, еңбекте де, тіпті жекелеген отбасында да бірлік бар жерде тірлік бар. Ынтымақ пен татулықты ұстанғандар кез келген кедергіні жеңеді. Осы орайда Меркі ауданы бірнеше сала қызметкерлерінің кәсіби мерекелеріне орай спорттық-танымдық тимбилдинг ұйымдастырды. Мемлекеттік қызметшілер, полиция, судья және сот қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететіндер спорттық ойындарда өзара күш сынасып, табиғат аясында көңілді басқосуға жиналды.
Түрлі сала қызметкерлерінің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, ынтымақтастық рухын көтеріп, ұжымдық бірлікті арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеуді мақсат еткен тимбилдинг ауданда тұңғыш рет ұйымдастырылды. Іс шараның салтанатты ашылуына Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қатысып, барлық сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде өңір басшысы мемлекеттік қызметтің, құқық қорғау саласының және бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызын атап өтіп, ауданның дамуы жолында бірлесе еңбек етіп жүрген азаматтарға сәттілік тіледі.
− Бұл шара тек бәсекелестік емес, ең алдымен ынтымақтастық рухты күшейтіп, түрлі салалар арасында өзара түсіністік пен ынтымақты орнатуға сеп болады. Мұндай игі бастамалар ұжымдарды жақындастырып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіреді, – деді аудан басшысы Ербол Жұмабекұлы.
Салалық спорттық тимбилдингке аудандық мәслихат аппараты, аудан әкімінің аппараты, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Супер бөлімдер» командасы, ауылдық округтердің құрамасы және аудандық полиция бөлімі болып, алты команда қатысты. Қатысушылар арқан тарту, мас-рестлинг, қаппен секіру, скакалкамен секіру және орта доппен жарысу секілді қызықты да көңілді ойын түрлері бойынша жарысты.
Барлық команданың ойынға белсене қатысқандарынан ұйымшылдық пен шеберліктері, жеңіске деген құлшыныстары байқалды. Алайда, жарыста жүзден жүйрік ғана алға шығатыны белгілі. Бұл сайыста да шын мықтылар топ жарды, басқалары үшін тәжірибе болды.
Ауданда алғаш рет өткізілген спорттық тимбилдингте аудандық полиция бөлімі І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орын аудан әкімі аппаратының тобына бұйырса, ІІІ орынның биігінен «Супер бөлімдер» командасы көрінді.
Достықты дәріптеп, татулықты ту еткен сайыс барысында сергектік пен шаттыққа толы сәттер мол болғанын айтқан жөн. Қатысушылар үшін бұл күн тек жарыс емес, көңілді демалыс, өзара ынтымақтастық пен пікір алмасуға арналған ортақ алаңға айналды.
Қалай айтсақ та қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру – маңызды және қажетті іс-шаралардың бірі. Ынтымақтастық рухы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, экономикалық дамуды ынталандырады, мәдени байытуды күшейтеді, білім беру және ғылым саласында жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Және қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру және адамдарға құрметпен қарау маңыздылығын ескеру керек. Өйткені, азаматтық ортада басқа да құндылықтардың алға озып бара жатқанын көз көріп жүр.
Фото: Aqjolgazet.kz