Осыны ескерген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті білім беру саласына баса назар аударып, мүгедектігі бар балалардың жағдайына алаңдаушылық танытты. Мемлекет басшысы 2021 жылыы инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі заңға қол қойғаннан кейін жалпыға бірдей білім беретін мектептерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы жабдықталған кабинеттер, сыныптар, орталықтар ашылды. Өз қатарластарымен қатар отыруды армандайтын балалар, мектепке келіп оқитын болды. Арнайы мамандар жұмысқа тартылып, оларға да жағдай жасалуда. Ерекше балаларға ерекше оқулықтар, дәптерлер шықты. Осылайша, олардың барлық балалармен бірдей білім алуына мүмкіндік ашылды.
Осы орайда мемлекет тарапынан үйден оқитын балаларға арнайы жағдайлар жасалып отырғанын айта кетсек болады. Олар үшін жеке білім беру жоспарлары құрылып, арнайы педагогтер, психологтар, дефектологтар мен логопед мамандары жұмыс жасауда. Арнайы білікті мамандардың қолдауымен балаларды үйден оқыту жүйесі жүргізілуде. Сондай-ақ әрбір балаға ыңғайына бейімделген бағдарламалар ұсынылып, оқу процесі олардың денсаулығы мен қабылдауларын ескеріле отырып жасалады. Көп жағдайда мұғалімдер тікелей баланың үйіне барып сабақ береді немесе қазіргі заман талабына сай онлайн платформалар арқылы қашықтан оқыту әдісін көптеп пайдаланады. Апталық оқу сағаттары бірнеше сабақтарды ғана құрағанымен, сабақ мазмұны баланың толыққанды түсінуіне, үйренуіне бағытталады. Сондай-ақ мұндай балалар да тоқсандық және жылдық қорытынды аттестациядан өтеді, яғни олар өз сыныптастарымен бірдей деңгейде білім алады. Жамбыл облысында 2024-2025 оқу жылында мүгедектігі бар 9468 баланың 1572-і үйден оқытылыпты.
Қазіргі уақытта елімізде үйден оқытуды жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, сабақта интерактивті құралдар мен онлайн платформалар қолданылуда. Мұғалімдерді үйден оқитын балаларға арналған әдістемелік семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарына қатыстыру, ата-аналарға түсіндіру шарасын жүргізу, дәрігерлердің кеңес беруін жүйелеу секілді жұмыстар жүзеге асырылуда. Жамбыл облыстық білім басқармасының бас маманы Набира Сүйманованың айтуынша Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабы 5-тармағына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты ұзақ уақыт бойы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін ұйымдарға бара алмай жүрген балалар үшін үйде немесе емдеу ұйымдарында жеке тегін оқыту ұйымдастырылады.
Балаларды үйден оқытуды ұйымдастыру белгіленген нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес ата-анасының өтінішімен дәрігерлік-кеңес беру комиссиясының жолдамасы негізінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындысы арқылы жүзеге асырылады.
Мектеп директоры жоғарыда аталған дәрігерлік-консультативтік комиссия жолдамасы мен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысын негізге ала отырып, үйден оқытуды ұйымдастыру туралы бұйрық шығарып, әр балаға оқу-тәрбие жоспары мен әдістемелік құралдарды бекітеді. Үйде оқытуға жіберілген балаларға бөлінетін сағаттар саны Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқу жоспарына сәйкес психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация анықтап беретін қорытындыдағы оқу бағдарламаларына қарай бөлінеді. Білім беру бағдарламасының 3 түрі жеңіл және орташа деңгейіндегі балаларға жеке қолданылады.
Қорыта айтсақ, егер ерекше білімді қажет ететін балаларды уақытымен түзетіп игертпесе, бала болашағында қиындықтар кездеседі. Сол үшін ең алдымен әр балаға тән қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін анықтап алу керек. Еліміздегі барлық бала бірдей білім алуға құқылы.
Фото: Кең Жылой