Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үкіметке бизнеске қатысты бірқатар ұсыныс енгізді. «Атамекен» Қазақстанда қатаң тыйым салу тәжірибесінен бас тартқанын қалайды деп хабарлайды ҰКП ресми сайты.
Сайттағы ақпаратқа сәйкес, 16 тамызда бизнес үшін, соның ішінде Ashyq жобасына қатысушылар үшін демалыс күні локдаун енгізу жөніндегі уағдаластықтардың мерзімі аяқталды. Мамандардың бағалуы бойынша жобада 111 мыңнан аса бизнес субъекті жұмыс істейді.
ҰКП мәліметінше, үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақталғанын айтты. Ведомство басшысы тыйым салуларға қарамастан қазақстандықтар бұрынғысынша той, еске алу және банкеттер ұйымдастыратынын атап өтті.
Соңғы екі апта ішінде «Атамекен» ҰКП алаңында бизнестің, санитар дәрігерлердің, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мамандарының қатысуымен бірқатар онлайн-конференция өтті. Экономиканың зардап шеккен секторларын бағалау үшін кәсіпкерлерден сауалнама алу басталды. «Ashyq көшбасшылары» критерийлерін қайта қарау бойынша ұсыныс әзірленді, жобадан аутсайдерлерді, чекин жасамаған және қатысу ережелерін бұзатын кәсіпкерлерді алып тастау тетігі пысықталды. Қызметкерлерді вакциналауды тексеру алгоритмі бойынша бизнестің пікірі жиналды.
Кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП алаңы арқылы Үкіметке жолдаған негізгі месседж: кәсібін адал жүргізіп жатқан бизнес қоғам, клиент және персонал алдындағы жауапкерішілікті түсініп, қолданыстағы шектеулерге жауаппен қарауға дайын. Осы ретте көлеңкеден гөрі, ашық жұмыс істеу тиімдірек болуы тиіс.
Жиналған ұсыныстарды талдау негізінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2021 жылдың 21 тамызынан бастап:
Аshyq жобасына қатысушыларға сенбі күндері сағат 22:00-ге дейін, жоба лидерлеріне (қызыл аймақта) сағат 24:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат ету;
Қарағанды облысы әкімдігінің бастамасы бойынша Қарағанды қаласында «COVID-free» пилотын іске қосу («жасыл» статусы бар келушілер мен персонал үшін қоғамдық тамақтану орындарына сағат 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беру);
«Жасыл» статусы бар қазақстандықтар үшін той өткізуге рұқсат етуді (іс-шараны алдын ала тіркеу бойынша және барлық персонал вакцина салдырған мекемеде 100 адамға дейін) ұсынады.
ҰКП шешім шығарған кезде барлық аймақта Ashyq бойынша жұмыс істейтін субъектілер үшін Бас мемлекеттік санитар дәрігердің бірыңғай қаулысын басшылыққа алуға шақырады.