Рас, жұмысы бар адамның жамандық ойлауға уақыты да, мұршасы да болмайды. Кейде біреулердің «уақытымды қалай өткізерімді білмеймін» дегенін есітіп шошып кетесің. Шынында қандай жағдай жасалып жатса да қоғамымызда масылдық дерті белең алғаны да жасырын емес. Әсіресе, жастар арасында. Осыдан қалай құтыламыз? Не істеу керек? Жастардың жалқаулығы қайдан пайда болды? Бұл қайда апарады?
Белігілі ардагер журналист Ақылжан Мамыт бойымызды бойкүйездік, масылдық жайлап алғанын ашына айтады.
— Бізге барлығын мемлекет немесе біреу істеп беру керек сияқты, — дейді бұл жөнінде журналист Ақылжан Мамыт. – Негізі өз қиындығын өзі шеше алатын адамда жұмыссыздық деген мәселе болмайды. Еңбек етуге деген ниет болса, жұмыс көп. Жасыл желек көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін аса қажет. Әлбетте, үйдің айналасында тал-дарақ қаулап, жайқалып тұрса әрі оттегі, әрі сая. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Таразда көпқабатты үйлерге қоныстанған тұрғындар бір кісідей ұйымдасып, аулаларына алуан түрлі сәндік ағаштар өсірді. Оның игілігін қазір ұрпақтары да көріп отыр. Тараздағы Астана, Бәйтерек және Арай-2 шағын аудандарында көгеріштендіру қолға алынбай келеді. Бәйтерек және Арай – 2 шағын аудандарында оларды көріктендіру- көгеріштендірумен шұғылданған мердігерлер ондаған миллион теңгеге сәндік ағаш – қарағай көшеттерін отырғызды. Көшелерге де, көпқабатты үйлерге де көрік беріп тұрған қарағайлар жаз ортасында жаппай қурап қалды. Қыруар ақша, есіл еңбек далаға кетті. Өсімдікті еккеннен кейін тым болмаса тамырын терең жайғанша екі жыл суару керек еді. Көшеттерді отырғызғаннан кейін шаруаны біттіге санайтын қырсыздығымыздан қашан арылар екенбіз? Келешекте осындай көзбояушылықтан арылмасақ, шаһардың ажары ашылмайды. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап сәндік ағашына дейін егіп берді. Тұрғындар игі істі неге іліп әкетіп, жалғастырмайды? Тал-дарақ егу , жерімізді көркейту – барша халықтық сипат алуы тиіс. «Атадан мал қалғанша тал қалсын» дейді халқымыз. Мұның астарында терең мағына жатыр. Бұл істе аға ұрпақ жас буынға өнеге көрсетуі тиіс. Қоршаған ортаны Отан қорғағандай қорғау керек.
Әйтсе де арамызда жүрегі ізгілікке толы жандар да жоқ емес екен. Арай – 2 шағын ауданындағы нөмірі жетінші көпқабатты үйдің көше жағынан тротуармен жүрген адам өзін саябақты аралап жүргендей сезінеді. Алуан сәндік ағаштар мен гүлдер көздің жауын алады. Әсемдік пен жұпар ауа жаныңды жадыратады, бойыңды сергітеді. Осы үйдің тұрғындары бұл игі істі үш жыл бұрын қолға алған болатын. Уақтылы суарылып, тиісті күтім көрген өсімдіктер қысқа мерзімде жайқалып шыға келді. «Жақсыны көрмек үшін». Осындай ізгілікті де игілікті істерден неге үлгі алмаймыз?
— Экологтар мен бағбандар көшеттерді күзде отырғызудың артықшылығы көп екенін айтады. Көктемде егілгендерге қарағанда олардың көпшілігі көктеп,өсіп кетеді екен. «Көз қорқақ,қол батыр». Ниет етіп жасыл желек өсірген адам міндетті түрде еңбегінің жемісін көреді. Бұл маңызды шаруа баршамыз үшін әуелі жер- анамызды сауықтыру үшін қажет. Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы сергек азаматтарды бұл әңгіме бейжай қалдырмайды деген сенімдеміз, — дейді ардагер журналист.
Фото: BAQ.KZ