Бүгінде Түркістан облысында жұмысы тоқтатылған және пайдаланылмай тұрған кен орындарын мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың гектар жері мемлекет балансына қайтарылды.
Қазіргі уақытта заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу бойынша арнайы мобильді топтар мониторинг жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Осы тұста Арыс, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран, Кентау қаласы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілер толастамай тұр. Мәселен Кентау қаласы, Хантағы ауылдық округі маңында заңсыз барит қазылғаны анықталып, заңды бұзған тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ Келес ауданы, Келес өзені жағасын заңсыз қазып, жайылым жерге өнімдерін жинақтап, сатылымға шығару жұмыстары тіркелген. Жалпы облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, заңсыз құм қазу, қазба өнімдерін саудалау, пайдалы қазбаларды өндіру фактілер анықталып, тиісті шара көрілуде.
Кейбір аумақтарда заңсыздық тоқтамауына байланысты, басқарама тарапынан арнайы дрон құрылғысы қолданылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң жолға қойылып, анықталған фактілер бойынша бейнематериалдар полиция қызметкерлеріне тапсырылып, жүк көліктері айыптұраққа қойылды.
– Заң талабын сақтамаған жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлердің лицензиясын қайтарып алуды тапсырамын. Рейд тоқтамауы тиіс. Тексеріңіздер. Экологиялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Бірлесе жұмыс істеңіздер. Бұл мәселелер тұрақты қадағалауда болады, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров экологияға жауапты құзырлы орган басшыларына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына заңсыздықтарды жоюды тапсырды.
Фото: Arysinfo.kz