Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Ол көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен қол ұшын беру болып табылады. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу керек емес. Ең бастысы мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті.
Жақында Түркістан қаласында екі отбасы баспаналы болды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан өңірлік «Үлес» қайырымдылық қорының атынан мұқтаж жандарға жаңа үйдің кілті табыс етілді.
Осымен 44-ші отбасыға беріліп отырған баспана кілті бұл жолы жас анаға бұйырды. Төрт баласымен жесір қалған Фарида Ахметжанова баспана кілтін алып тұрып қуаныштан көз жасын тия алмады. Көп балалы ана үнемі әлеуметтік осал топтағы жандарды қуантып келе жатқан Түркістан өңірлік «Үлес» қайырымдылық қорына алғыс білдірді.
— Міне, бүгін «Үлес» қорынан үйдің кілтін алып отырмын. Қайырымдылық қорына зор алғысымды білдіремін. Және осы істе көмек қолын созған барлық жандарға рахметімді айтамын. Жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын, — деп ағынан жарылды көп балалы ана Фарида Ахметжанова.
Фарида Ахметжанованың күйеуі Ресейде жұмыс істеп жүріп көлік апатынан көз жұмған. Сол кезде марқұмның денесін шетелден алдыру үшін қор арқылы қаражат жиналған болатын. Күйеуін жерлегеннен кейін артылған ақшаға келіншегіне баспана алып беру ұйғарылады.
Осылайша Түркістан өңірлік «Үлес» қайырымдылық қоры үйдің құрылысын толық аяқтап, жас ананы баспанамен қуантты.
— Осы жиырма сотық жерді бір жігіт маған сыйға тартқан болатын. Осы жер учаскесіне үш үй соғамыз деп жоспарладық. Аллаға шүкіршілік, осы үйдің құрылысы бірінші боп бітті. Сондықтан жас отбасыны қуантып, тезірек кілтін берейік деп әрекет еттік. Бүгінгі күні үй толық бітті. Жылу жүйесінің барлығы жүргізілген. Газ тартылған, жуынатын бөлмесі де бар. Жатын бөлме, балалар бөлмесінің жиһаздары толық алынған. Былайша айтқанда үйдің барлық жағдайы жасалған. Енді бір ғана мәселе – сырттан құбырмен келген газды үйге қосып берсек болды, — дейді бұл жөнінде Түркістан өңірлік «Үлес» қайырымдылық қорының төрағасы Райымжан Қошқаров.
Тағы бір қуанышты іс, қайырымдылық қорының осынау игілікті ісінен үлгі алған Райымжан Қошқаровтың шәкірттері өз бетінше Жүйнек ауылында апатта жағдайда тұрған үйді жаңартып берді.
Осы маңнан өткенде құлағалы тұрған баспана көпшіліктің көзіне бірден түсетін. Осыдан кейін ол үйде тіршілік кешіп жатқан ерлі-зайыптылардың өміріне ауыл тұрғындары алаңдап, нәтижесінде есік алдынан жаңа баспананың іргетасын қалайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ел болып жұмылып баспана құрылысы әп-сәтте бітеді. Жаңа үйге кіріп қуанған зейнеткерлер көпшілікке алғысын жаудыруда.
— Осы үйді салып беріп, бізді зор қуанышқа бөлегендеріңізге көп рахмет. Бұл үйдің құрылысына ауыл жастары, ақсақалдары, әкімі, бүкіл ауыл тұрғындары ат салысты. Біз тек үйі өртенген кезде немесе өзі ауырып қалған кезде ғана көмек қолын созбай, үйінің осындай қиын жағдайын көріп тұрып қалай үндемей жүреміз деп осы іске көмектесуге ниет еттік. Ауыл тұрғындары да қарап отырмай, қолынан келген көмектің бәрін көрсетті. Ұста жандар келіп құрылысқа көмектесті, бай-бақуатты жандар қаржы жағынан жәрдемдесті. Осылайша зейнеткерлер отбасы жаңа үйге кіріп, қуаныштарында шек жоқ, — дейді қоғам белсендісі Жәмшид Шарафиддинов.
Жалпы алғанда Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ мен Өңірлік Қазақстан халық Ассамблеясы бірлесіп қайырымдылық іс-шараларын атқарып келеді. Түркістан өңірлік «Үлес» қайырымдылық қоры осы Ассамблеяға қарасты өзбек этномәдени бірлестігінің құрамында. Аталған қор өңірдегі баспанаға мұқтаж әрбір жанды елеп-ескеріп, оларға көмек беруге асығады. Мұнда баспана салуға кәсіпкерлер тарапынан қаражат берілсе, құрылысшылар тегін жұмыс істейді. Ал арнайы бизнес өкілдері өздері шығарып жатқан өнімдерін тегін береді.
Осы тұста айта кету керек, Түркістан қаласының тұрғыны, ұлағатты ұстаз, қалалық этномәдени бірлестіктің төрағасы Райымжан Қошқаров жұртшылыққа қайырымды істерімен жақсы таныс. Ол басқарып отырған қор бірнеше жылдан бері үй салып, баспанаға мұқтаж отбасыға тегін беріп келеді. Осылайша, «Үлес» қоры қырық төртінші үйді табыс етті. Халыққа қажет игілікті істі атқарып келе жатқанына 14 жылдай болған қор ең алғашқы үйді үш жыл салған. Одан кейін жылда бір үйді пайдалануға бере бастады. Бертін келе бір жылда бес үй салып тапсырған жағдайға жеткен.
«Жанымызда қайырымды жігіттер қатары көбейді. Бізге әркім өз еркімен келеді. Бағалай білсек, жақсы адамдар көп. Жайдан жай, себепсіз ештеңе болмайды. Белгілі бір отбасына үй салып беретін кезде бәрі жан-жақты тексеріледі. Расында да ол отбасы мұқтаж ба? Негізінен, тұрмысы нашар, шиеттей бала-шағамен жесір қалған, ауылда тұратын мұқтаждарды баспаналы еттік. Түрлі тағдыр. Қырық төрт үйдің кілтін тағдыры бір-біріне ұқсамайтын қырық жанға бердік. Мысалы, бірінші үйді салуға мынадай оқиға себеп болды. Бір үйде қонақта отырсақ, әке-шешесі қайтыс болған үш бала туралы сөз болды. Бір бөлмелі үйде тұрады екен. Осы жетімдердің жағдайы қатты ойландырды. Содан достарыма айтып, құрылысқа қажетті тас, цемент түсірдік. Көптеп, көмектесіп, асарлатып бірінші жылы іргетасын құйдық. Екінші жылы қабырғасын көтердік. Үшінші жылы төбесін жауып бердік. Сөйтіп жүргенде әлгі үшеудің үлкені үйленетін болды. Оны үйлендіріп, үйдің кілтін тапсырғанбыз. Қазір үш-төрт бала-шағасы бар, өсіп-өніп отыр. Жалпы, біз үй салуды әдейі жоспарлаған жоқ едік. Жағдай өзі осылай басталып, жалғасып кетті», дейді Р.Қошқаров.
Қордың қайырымды істерін естіп, көмек сұрап келетіндер де аз емес.
Райымжан Абдусаттарұлы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. «Үлес» қайырымдылық қорындағы жұмысына қосымша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қалалық өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы ретінде Түркістан, Кентау, Созақ өңірлерінде ел бірлігі мен татулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүр. Осындай еселі еңбектері еленіп, алдыңғы жылы Астанада «Жомарт жан» төсбелгісімен марапатталса, Алматы қаласында өткен меценаттар форумында «Алтын жүрек» номинациясының жүлдегері атанды. Педагогика саласының үздік қызметкері. Одан басқа да республикалық, облыстық, қалалық деңгейдегі марапаттардың иесі. Жан жары Мақсуда Юсубалықызы да ұстаздық жолында. Екеуі бес перзенттің ата-анасы, он немеренің ата-әжесі.
Иә, қайырымдылық дегеніміз — өзіңдегі бар жақсылықты, бақытты өзгемен шынайы әрі риясыз көңілмен бөлісе алу. Ол материалдық немесе моральдық тұрғыда болсын, бастысы шын ниетпен жасалынған әрбір қайырлы амалды қайырымдылық деп білеміз. Біздің ойымызша, бұл игі іс қайтарымсыз негізде көрсетілетін көмекке мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Түркістан өңірлік «Үлес» қайырымдылық қорының басты мақсаты да – қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету екені анық.
Қайырымдылық қор құрылғалы бері қаншама мұқтаж, жағдай төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмек көрсетіп, осы күнге дейін көптеген адамдарға қуаныш сыйлап, олардың алғысын арқалады. Қоғамдағы мейірімді, ізгі жандар да осы қайырымдылық қоры сияқты жақсылық жасауда жарысып, асықса ол ізгі амалдары жауапсыз қалмас еді.
Фото: OpenNews/ Ақпарат агенттігі