Осыған орай, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек ауылдық округіне қарасты кенттегі инфрақұрылым тарту жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, Көктерек кент аумағына жаңадан қосылған тұрғын үйлерді ауыз сумен, электр қуатымен және табиғи газбен қамту бағытында жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары бақылаудан өтті.
Көктерек кенті көшелерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бүгінде, 8 шақырым ұзындыққа құбырлар тартылған. Жобаға сәйкес жалпы ауыз су құбырларының ұзындығы – 32,6 шақырым. Құрылыс жұмыстары отыз пайызға орындалған.
Көктерек кенті көшелерін электр желілерін және трансформатор қондырғыларын орнату бойынша құрылыс жұмыстары бастау алған. Жобаға сәйкес электр бағаналары жаңартылып, трансформатор қондырғылары орнатылады.
Табиғи газбен қамту бағытындағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталып, бүгінде 15 пайызға орындалған.Жобаға жауапты мердігер «Ынтымақ-ОК» ЖШС-і.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жарты төбе ауылдық округіне қарасты елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бостандық, Ынтымақ және Құрама елді мекендерінің көшелерінде жүргізіліп жатқан электр бағаналарын жаңарту жұмыстарының барысын пысықтады. Мердігер мекеме өкілдеріне электр желілері мен бағаналарын, сондай-ақ трансформатор қондырғыларын толықтай ауыстырғаннан кейін бұл бағытта мәселе туындамауы қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын бақылауды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы С. Қарақұловқа тапсырды.
Бостандық елді мекенінде электр бағаналары толық орнатылып, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта нысанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Тапсырыс беруші ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, мердігер мекеме «KK Global Construction» ЖШС-і. Құрама елді мекенінде құрылыс жқмыстары биыл сәуір айында мердігер мекеме «Бақ-Ерке строй» тарапынан жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 100% орындалған. Ынтымақ елді мекенінде мердігер мекеме «BADI Строй Сервис» тарапынан 30 дана электр бағанасы және трансформатор қондырғылары орнатылған.
Сонымен қатар,аудан басшысы Жарты төбе ауылдық округіне қарасты Төңкеріс елді мекенінде салынып жатқан жаңа медициналық нысанның құрылыс жұмыстарының жай-күйін бақылады. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда, жеке инвестор есебінен салынып жатқан нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен аудан аумағында айналма жол салу мәселесі бойынша талқылау жиыны өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Елемесов және жерге орналастыру жобасын әзірлеуші “KHG Project” ЖШС басшысы Сейділда Жақсылық қатысты.
Аудан әкімі өз сөзінде қала ішіндегі көлік қозғалысының қарқындылығы мен тар көшелердің көлік кептелістеріне әкеліп соқтыратынын атап өтті. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктерінің қала ішіндегі жол сапасына тигізіп жатқан кері әсері мәселесін көтерді. Осыған байланысты айналма жол салудың маңыздылығы ерекше екені айтылды.
– Айналма жол салу арқылы қала ішіндегі көлік жүктемесін азайтып, жол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік аламыз, – деді Арман Абдуллаев.
Жиын барысында Сарыағаш ауданынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолының айналма жол жобасы талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылып, жобаны тиімді жүзеге асыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Жобалаушы ұйым тарапынан жобаның кейбір техникалық аспектілеріне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар айтылды.
ҚР Көлік министрлігінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылатын «Сарыағаш қаласының айналма жолы» жобасының жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне түзетулер енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Фото: Сарыағаш Аудан Әкімдігі