Ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани бай жастарды тәрбиелеу үшін отбасының, ата-ананың алар орны ерекше. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың, отбасының маңызды екендігін білген халқымыз: «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенді тегіннен тегін айтпаған және аз сөзбен-ақ ұлы ұғымға меңзей білген.
Міне, жақында Қазығұрт ауданы әкімдігінің қолдауымен және аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен «Туған жер – ұлы бабалар аманаты» атты республикалық пікірсайыс турнирі сәтті өтті.
Турнир мақсаты — жастар арасында сөйлеу мәдениетін, шешендік өнерді дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
Ерекше форматта өткен бұл турнир қазақ халқының рухани байлығы мен ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, қатысушыларға ерекше шабыт сыйлады. Дәстүрлі киім үлгілері мен ұлттық нақыштағы безендірулер турнирді тарихи мәдени шараға айналдырды.
Турнир нәтижелері:
1 орын – “Ынталы” фракциясы
Жарылқасын Арман, Қуанышбек Бекжан (Алматы облысы) – 200,000 теңге
2 орын – “Майлыошақ” фракциясы
Құрманалиев Рахымжан (Алматы облысы), Әзімхан Бекарыс (Шымкент қаласы) – 100,000 теңге
3 орын – “Жаңабазар” фракциясы
Махамбет Бегзатхан, Кемелбек Аянат Бағдатқызы (Қызылорда облысы) – 70,000 теңге
3 орын-“Амангелді” фракциясы
Тлеумұратов Нұрдәулет
Есенғали Нұрай (Тараз қаласы)
70.000 теңге
Ақсақал лигасы:
Ең үздік спикер – Смағұл Арайлым (Түркістан облысы) – 30,000 теңге
Үздік спикер – Тоқберген Азамат (Астана) – 15,000 теңге
Бозбала лигасы:
Ең үздік спикер – Әділбай Ратжан (Шымкент қаласы) – 20,000 теңге
Үздік спикер – Жүніс Ынтымақ (Ақмола облысы) – 10,000 теңге
Ең үздік төреші-Қалқабай Нұрмұхамет (Қазығұрт ауданы)-30000 теңге
Үздік төреші-Тағаев Арынғазы (Сарыағаш қаласы) 15000 теңге
Турнирге еліміздің 8 өңірінен келген 32 фракция қатысты. Олар туған жер, ел тарихы, ұлт болашағы сияқты өзекті тақырыптарды талқылап, аналитикалық және ораторлық қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
Бұл бастама жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, ұлттық рухты нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық және әлеуметтік өмірге белсенді араласуына ықпал етті.
Сондай-ақ, Түркістан облысында 48 000 жастың қатысуымен профилактикалық дәрістер өткізілді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында есірткінің заңсыз айналымына қатысты мәселелерді талқылау мақсатында Үйлестіру кеңесі өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, ҰҚК-нің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, СЖҚІҚД бастығы Мұрат Төлеубаев және басқа да құзырлы орган басшылары қатысты.
Кездесу барысында есірткіге қарсы іс-қимыл, алдын алу мәселелері қаралды. Есірткі, психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстар мен атқарылған жұмыстар талқыланды. Орган басшылары тарапынан баяндамалар оқылып, жұмысты ширату жолдары айтылды.
Прокоратура тарапынан есірткіге қарсы күресті күшейту бойынша тиісті ескертпелер мен ұсыныстар берілді. Облыстық ПД бастығының орынбасары Құрманбек Сахов полицияның жұмысы нәтижесінде жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 650-ден астам дерек тіркеліп, 330 келіден астам есірткі тәркіленгенін және есірткі қылмыстарын болдырмау мақсатында 48 000-ға жуық оқушы мен студенттің қатысуымен профилактикалық іс-шаралар өткізілгенін атап өтті.
Жалпы Түркістан облысының полициясымен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында телеграм каналда анықталған 34 интернет дүкеннің қызметі тоқтатылды. Ал киберқадағалау бағдарламасы арқылы 104 сайт бұғатталған.
Кеңесте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев әкімдік тарапынан есірткінің таралуын шектеу және алдын алу бағытындағы идеологиялық және түсіндіру жұмыстары, өңірде атқарылған іс-шаралар туралы баяндады. Жастар арасында түрлі форматтағы жиындар, іс-шаралар өткізілгенін, есірткіге қарсы ақпараттық жұмыс тұрақты жүріп жатқанын мәлімдеді. Облыстық денсаулық сақтау, Білім басқармаларының басшылығы тарапынан да тиісті мәліметтер беріліп, ұсыныстар қаралды.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері жиын барысында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды, жастар мен оқушылар арасында тәрбие жұмыстарын және дәрістерді күшейтіп, бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.
Ал, Түркістанда «Бабалар дәстүрі – тәрбиенің бастауы» атты байқауы өтті. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттауда байқаудың маңызы жоғары екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
–Өздеріңізге белгілі, қазақ халқы әлемдегі салт-дәстүрге бай халықтардың бірі. Тәрбиелік маңызға ие бұл байқауды, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді қолға алдық. Облыстың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, жастарға үлгі-өнеге көрсететін ұлттық патриоттық іс-шараға айналып отыр. Халық арасында бабалар тәрбиесінің ізгі мұрасын бүгінгі өскелең жастарға насихаттау әрбіріміздің өшпес парызымыз. Осыған орай, бүгінгі байқау үлкен мәнге ие. Әдет-ғұрыпымызды дәріптейтін осындай жобалар көп болып, ұрпақ санасы серпіле берсін, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Шараға аудан, қалалардан жалпы саны 20 команда қатысып, бақ сынады. Ата-бабамыздың салт-дәстүрлері халықтың рухани өзегі, мәдениетінің дінгегі, тілінің тірегі. Осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында қолға алынған шарада қазылар алқасы 20 топтың дайындығын 2 кезең бойынша байқады. Алғашқы кезең ұмытылып бара жатқан салт-дәстүр бойынша, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі мен ел бірлігіне өте қажет деген отау көтеру, тәрбие, отбасы, тұрмыс дәстүрлері, еңбек дәстүрлері сахналық қойылымдар үйлесімін тауып көрермен назарына ұсынылды.
Ұлтымыздың дәстүрлерін әділ қазылар алқасына тереңінен жеткізіп, көрерменге көрініс барысында толыққанды сипаттап берді. Ал екінші кезеңде ұлттық қадір-қасиеттерді дәріптеді. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Арыс қаласына бұйырды.
Жүлделі 1-орынды Қазығұрт пен Төлеби ауданы, жүлделі 2-орынды Түркістан қаласы, Шардара мен Сарыағаш ауданы, жүлделі 3-орынды Жетісай, Созақ, Түлкібас аудандары иеленді. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды.
Тағы бір айтары, Қазығұрт “Жастар ресурстық орталығы” КММ- ұйымдастыруымен зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы аясында “№11 Колледж” студенттерімен флешмоб болып өтті.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор. Отбасы деген шағын ғана мемлекетіңіздің берік те бақытты болуы үшін, ең бірінші өзара сыйластық пен сүйіспеншілік керек.
Ұлт өмірінің іргетасы, негізін қалаушы – отбасы болса, отбасының іргетасы – бала. Ал бала отбасының жылуын, қолдауын сезінгенде ғана бақытты болып есейеді.
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі