Іс-шараны ұйымдастырушылар – Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жастарға есірткі заттарын қолданудың зияны және олармен байланысты қылмыстардың салдары туралы айтып берді. Сондай-ақ есірткіге қарсы бейнероликтер көрсетілді.
Ал Кинологиялық қызмет орталығы көрсеткен иттердің есірткі іздеу және қылмыскерді залалсыздандыру дағдылары бойынша қойылымын жастар ерекше қызығушылықпен тамашалады.
– Кез-келген ауруды емдеуден және оның салдарын жоюдан бұрын оның алдын-алу тиімдірек. Сондықтан, Полиция департаментімен нашақорлықпен күресудің алдын алу шараларына көп уақыт бөлінеді. Бекітілген жоспар бойынша басқарма қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, білім беру ұйымдары оқушыларының қатысуымен кездесулер өткізеді. Іс-шаралар дәріс, семинарлар, дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар, конкурстар, кең көлемді акциялар, ашық есік күндері, есірткіге қарсы сипаттағы бейнефильмдер мен слайдтар көрсетілімдері және психоактивті заттарға тәуелділіктің алдын алу бойынша қосымша материалдармен танысу сынды әр түрлі форматта ұйымдастырылады – деп атап өтті ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.
ЖОО ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі Арнат Ұлтанбаев жастардың назарын осындай маңызды мәселеге аудару және өскелең ұрпақты есірткі қолданудан қорғауға арналған іс-шараларды ұдайы өткізудің маңыздылығын айтты.
— Кез-келген тыйым салынған заттар ерте ме, кеш пе қайғылы салдарға әкеледі, содан кейін оны жоюға кеш болады. Ал осындай кездесулердің негізгі мақсаты – осының бәрін жастардың санасына сіңіру — дейді ол.