Шаһарда екі аудан құру қала дамуының жаңа Бас жоспары аясында қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Байзақ және Жамбыл аудандарынан аумағы 13019,1 гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекенді облыс орталығына қосу көзделіп отыр. Бұл жағдайда қаланың халық саны 479 мың адамнан асатын болады.
Қала құрамына енетін елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша кеңес отырысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар құрамына қосылатын әр елдімекеннің өзекті мәселелерін шешу кезек күттірмейтінін баса айтты.
– Бүгінде көне шаһарға қосылатын ауылдарда өзекті мәселелер жоқ деп ойламаймын. Әрине, олардың бәрін бірден шешу мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен, барлығымыз бірлесе, тұрғындардың сұранысын орындап, олардың жайлы тұрмысы үшін жағдай жасауымыз қажет. Әсіресе, бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер бар. Осы кезеңге дейін жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Енді сол зерделенген, нақтыланған проблемалардың шешілу жолдарын ұсыну керекпіз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді.
Жалпы, қос ауданнан шаһарға енетін ауылдардың әлеуметтік мәселелері бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілген. Енді сол түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін бірлескен жоба-жоспар әзірленеді. Содан кейін сол елдімекендерді дамыту мақсатында арнайы Жол картасы даярланады.
Фото: Егемен Қазақстан