Бұл туралы Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады.
Оның айтуынша, автокөлік жолдарына дұрыс қызмет көрсетпегені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін аймақтағы 190 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Одан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауылдық округі әкімдіктері 3 млн. 71 мың теңгені құрайтын айыппұл төлеген.
«Бүгінде жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын дамытуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Тараз қаласының Абай, Төле би және Тәуке хан орталық көшелерінде қауіпсіздік аралдары қызыл түске боялды, бұл көлік ағынының қозғалысын жақсырақ үйлестіруге мүмкіндік береді. Автокөлікті өткізу қабілетін арттыру мақсатында тоқтауға тыйым салатын учаскелерге сары түсті жол таңбасы салынды. Тәуке хан-Б.Момышұлы көшелерінің қиылысына көлік құралдарының қауіпсіз бұрылуын қамтамасыз ететін жол таңбасы қойылды. Қаланың 14 негізгі қиылысында «Ақылды бағдаршам» орнатылды, олар реттеу циклдарын автоматты режимде жүктемеге сай өзгертіп отырады», — деді Жайдарбек Кәдірбекұлы.
Ол жануарлардың жолдың жүру бөлігіне шығып кетпеуі «Батыс Европа — Батыс Қытай» автожолының 2 учаскесіне, әр бағытта 3 шақырымнан «Электрпастух» құрылғысы орнатылғанын айтты. Яғни, малдар «Элекропастух» қоршауына тигенде электр тоғының соғуын сезеді екен. Сондай-ақ осы автодәліздің 392, 453, 580 шақырырымдарына жолдың 2 бағытында да орын тепкен демалыс алаңшаларына жасанды жарықтандыру шамдары қойылған. Рөлде ұйықтап кету себебімен және жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын аймақтарда 700 шақырымнан астам шулы жолақтар жаңартылған.