Көптің көкейінде «бұл жөндеу жұмыстары қашан бітеді, жолдар қашан ашылады?» деген сұрақтың тұрғаны анық. Бұған Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жауап берді.
— Қала аумағындағы жөндеу жұмыстары 16-сәуірде басталды, — деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Жамбыл облыстық мәслихаты депутаттарымен кездесуінде. — 15-і күні жылыту маусымы аяқталды, ертеңінде-ақ осы жұмыстар басталды. Негізі мұндай жөндеу жұмыстары жаз мезгілінде ғана жасалады. Қала аумағында 118 көше жөнделіп жатыр. Одан басқа су құбырларын ауыстыру, М-1 жылу жүйесін қайта жаңғырту, жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүруде. Әрине, қолайсыздық туындауда. Бірақ қала тұрғындары бұған түсіністікпен қарайды деп сенемін. Себебі, жылу жүйелерін ауыстыру тікелей ертеңгі қысқа дайындық жұмыстары. Өткен жылы 200 шақырымға жуық құбырлар ауыстырылды. Кейбір ықшам аудандарда құбырлардың тозығы 90 пайызға жеткен. Яғни, жарамдылық мерзімі шегіне келді, бұдан ары қарай созатын болсақ, қыстың күні үлкен проблемаға айналуы мүмкін. М-1 жылу жүйесінің салынғанына 40 жыл болыпты. Оны ауыстыратын уақыт осыдан он жыл бұрын өтіп кеткен. Былтырғы қыста бірнеше рет апаттық жағдайлар орын алды. Мұның бәрін біз ескерту ретінде қабылдадық. Және Әйтиев көшесінде биыл 350 метр жылу құбыры ауысуы керек. Әбден тозығы жеткен. Бірақ оны қыркүйек айына қалдырып отырмыз. Алдымен М-1-ді жауып алып, содан кейін кірісеміз. Жөндеу жұмыстарының бәрі 15-қазанға дейін аяқталады. Кейбір жұмыстар оған дейін де бітуі мүмкін.
Айта кетейік бүгінде Таразда 4372 метр немесе 95 пайыз лоток және құбыр жүйесіне демонтаждау жұмыстары жүргізілген. Жалпы 6 138 метр жылу құбырының биыл 4602 метр бөлігін қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Фото: 08info.kz, Тараз қалалық әкімдігі