Айта кету керек, заңгер Әділетхан Молдаханның парақшасына 1 миллионнан астам адам жазылған, ол көбіне айыппұлдарды азайту және полициямен дұрыс қарым-қатынас жасау жөнінде кеңестер беріп танылған. Бұған дейін өзі де патрульдік полицияда жұмыс істеген.
Жуырда әл-Фараби даңғылында жол апатынан үш адам қаза тапқан жағдайдан кейін Әділетхан 7 миллион қаралым жинаған видео жариялап, оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып, полицияны айыптады. Сонымен қатар, 30 наурыз күні ол Instagram-да өзін жәбірленуші тараптың өкілі ретінде таныстырған еді. Алайда сол күні кешке оның ұсталғаны жөнінде хабар тарады.
Алматы қалалық Полиция департаменті қысқа түсініктеме беріп, Әділетханға қатысты «жалған ақпарат тарату» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Алдын ала болжам бойынша, жақын уақытта құқық қорғау органдары бұлтартпау шарасын таңдау үшін тергеу сотына жүгінуі мүмкін. Айта кетейік, Әділетхан Молдахан 2023 жылы тонау дерегі бойынша 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген және ішкі істер саласынан жұмыстан шығарылған. Осыған байланысты оның әрекеттері қайталама құқық бұзушылық (рецидив) ретінде бағалануы мүмкін. Сондықтан тергеу аяқталғанға дейін қамауға алу ықтималдығы жоғары деген ақпарат тарап жатыр» дейді журналист Р. Асқарбекұлы өз парақшасында.
Фото: qandastar.kz



